Елімізде кореялық тәжірибе негізінде заманауи азық-түлік кластері құрылады

Бүгін, 16:54 / Інжу Әлихан
Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстандық Shin-Line Group компаниялар тобы мен Азық-түлік өнеркәсібі кластерін дамытуға жәрдемдесу жөніндегі Корея институты (Korea Food Cluster Promotion Agency) Қазақстанда заманауи азық-түлік кластерін құру және дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келісім аясында Оңтүстік Корея тарапы жобаға жан-жақты консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетеді. Ынтымақтастықта Оңтүстік Кореяның ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсібі дамыған негізгі өңірлерінің бірі – Чолла-Пукто провинциясының тәжірибесіне басымдық беріледі. Мемлекеттік Foodpolis азық-түлік кластері де осы өңірде орналасқан. Мұнда әлемнің жетекші және кореялық азық-түлік өндірушілерінің өндірістік нысандары, ғылыми-зерттеу зертханалары мен инновациялық орталықтары шоғырланған.

Қол қойылған келісім стратегиялық және консультациялық сипатқа ие. Құжатта тікелей қаржылық инвестициялар салу немесе мүліктік міндеттемелер қабылдау қарастырылмаған. Негізгі назар білім мен басқару тәжірибесін бөлісуге, тиімді даму бағыттарын айқындауға, азық-түлік кәсіпорындарын қолдау тетіктерін қалыптастыруға және олардың халықаралық нарықтарға шығуына жәрдемдесуге аударылады.

Сондай-ақ тараптар мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат алмасып, өзара ақпараттық байланысты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

«Президент азық-түлік кластерін дамытуды Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындады. Біздің жобамыз осы міндетке толық сәйкес келеді. Біз кореялық тәжірибені зерделеп, Қазақстан жағдайына бейімдеу және азық-түлік кластерінің тиімді моделін бірлесіп қалыптастыру мақсатында Foodpolis-пен меморандумға қол қойдық.

Біздің мақсатымыз — жай ғана өндірістік алаң құру емес, өндірушілер технология мен сараптамалық қолдауға қол жеткізіп, қайта өңдеу өндірісін дамытып, жаңа нарықтарға шыға алатын тұтас экожүйе қалыптастыру. Бұл — ұзақ мерзімді жоба. Сондықтан жұмысты Кореяның озық тәжірибесін зерделеу және оны Қазақстан жағдайына бейімдеуден бастаймыз», — деді Shin-Line Group президенті Андрей Шин.

Оңтүстік Кореядағы Foodpolis моделіне негізделген мамандандырылған азық-түлік кластерін құру отандық азық-түлік өндірушілері үшін жаңа өндірістік және технологиялық орта қалыптастырады.
Кореяның азық-түлік өнеркәсібін дамытуға жәрдемдесу жөніндегі институтының сараптамалық қолдауы шикізатты өңдеуден бастап, терең өңделген дайын өнім шығаруға дейінгі қосылған құн тізбегін қалыптастыруға ықпал етеді.

Азияның озық тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстан жағдайына бейімдеу отандық азық-түлік өндірісін жүйелі түрде дамытуға, қайта өңдеу саласының әлеуетін арттыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға серпін береді.