Сарапшы: Қазақстан үшін Корея тәжірибесінің құндылығы – технология мен өндірісті дамытуда

Бүгін, 16:44 / Інжу Әлихан
ҚСЗИ

Бүгін Сеулде Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы алғашқы саммит өтті. Жиын аясында өнеркәсіп, маңызды минералдар, энергетика, көлік, жасанды интеллект және инфрақұрылым мәселелері талқыланды. Президент жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлішер Тастенов саммиттің Қазақстан үшін маңызына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Оңтүстік Кореяның Қазақстан мен Орталық Азия үшін ерекше құндылығы табиғи ресурстары шектеулі елді жетекші индустриалды мемлекетке айналдыру және инновациялық экономика қалыптастыру тәжірибесінде жатыр. Корея моделінің негізгі жетістіктерінің бірі – оның күрделі өндірісті үнемі дамыту, өз технологияларын өндіру және әлемдік нарықтарда орнығу мүмкіндігі. Қайта өңдеу және шикізаттық емес экспорттың үлесін арттыруға ұмтылатын өңір елдері үшін бұл трансформация тетігінің өзі қызығушылық тудырады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік саясат, инженерлік білім, қолданбалы ғылым және бизнес қажеттіліктері арасындағы байланыс», – деді Әлішер Тастенов.

Сарапшы Қазақстан мен Корея арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты екіжақты серіктестіктің перспективалы бағыттарының бірі ретінде атады. Оның айтуынша, автомобиль, машина жасау, металлургия және басқа да салалардағы жобалар ынтымақтастық ауқымын көрсетеді.

«Қазақстан сөзсіз еліміздің ресурстық және өндірістік әлеуеті мен Корея Республикасының технологиялық, капиталдық және инженерлік тәжірибесі арасындағы терең байланыстың болуына мүдделі. Сондықтан Қазақстан–Корея ынтымақтастығы жаңа бірлескен кәсіпорындар құру, технологиялық құзыреттіліктерді дамыту және кадрларды даярлау басты маңызға ие болып келе жатқан кезеңге аяқ басұанын атап өтуге болады. Өнеркәсіптік ынтымақтастық одан әрі жақындасу үшін ең перспективалы сала болып табылады. Ынтымақтастықтың бұл бағыты автомобиль, машина жасау, металлургия және басқа да салалардағы жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны қамтиды.

Бұл көрсеткіш ынтымақтастық ауқымын көрсетеді, бірақ міндетті түрде барлық жобалар аяқталғанын немесе онымен байланысты қаражат толық пайдаланылғанын білдірмейді. Жергілікті зауыттарда Hyundai мен Kia компанияларының болуы, сондай-ақ Samsung тұрмыстық техникаларын өндіру локализацияны кеңейтудің негізін қалайды. Келесі қадам компоненттер өндірісін, электр жабдықтарын және материалдарды дамыту, сондай-ақ қазақстандық компанияларды жеткізу тізбегі қызметтеріне тарту болуы мүмкін.

Біз үшін мұндай ынтымақтастықтың экономикалық әсері технологияларды игеру тереңдігіне байланысты болады. Түпкілікті өнім өндірісінің артуы жергілікті жеткізушілердің үлесінің артуымен, инженерлік қызметтердің дамуымен және мамандарды даярлаумен қатар жүруі керек. Бұл бізге өзіміздің өнеркәсіптік базамызды нығайтуға және экспорттық мүмкіндіктерімізді біртіндеп кеңейтуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, өндіріс орнының мүмкіндіктері ішкі сұраныстан асып кетсе, инвесторлар үшін тартымдырақ болады», – деді ол.

Әлішер Тастенов Қазақстан мен Корея арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің стратегиялық бағыты ретінде ресурстарды технологиямен және өнеркәсіппен ұштастыратын модельді атады.

«Ең стратегиялық маңызды перспектива «ресурстар-технология-өнеркәсіп» моделімен байланысты. Бұл Қазақстанның минералдық-шикізаттық әлеуеті мен кореялық технологиялық құзіреттер негізінде толыққанды қосылған құн тізбегін құруды көздейді.

Саммиттің негізгі мәселесі жасанды интеллектті дамыту тақырыбы болмақ. Оңтүстік Корея АҚШ пен Қытаймен қатар жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшылардың үштігіне кіру үшін ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Қазақстан сияқты Корея Республикасы да жасанды интеллекттің дамуын реттейтін арнайы заң қабылдады.

Өз тарапынан Қазақстан цифрлық трансформация стратегиясы шеңберінде мемлекеттік басқаруға, экономикаға және әлеуметтік салаға жасанды интеллектті белсенді енгізуде. Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері іске қосылды, ал Екібастұзда деректер орталықтарының алқабы құрылуда. Кореялық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізудің жаңа тірек жобасы болып табылатын Алатау қаласы құрылысына ерекше назар аударылуда», – деді сарапшы.

Ол «Орталық Азия және Корея Республикасы» форматының екіжақты байланыстарды өңірлік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретінін айтты.

«Осыған байланысты "Орталық Азия және Корея Республикасы" форматы екіжақты бастамаларға неғұрлым кең өңірлік ауқым береді. Бұл техникалықстандарттардың үйлесімділігін, сауда рәсімдерін жеңілдетуді және бірнеше мемлекеттердің кәсіпорындары арасында өндірістік байланыстарды құруды талқылауға мүмкіндік береді. Мұндай мәселелерді үйлестіру Орталық Азияның ұзақ мерзімді кореялық инвестициялары үшін тартымдылығын арттыруы мүмкін. Біздің еліміз үшін мұндай жобаларға қатысу аймақтағы өндіріс, көлік және технологиялық хаб ретіндегі өз орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Орталық Азия үшін Корея Республикасымен ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді құндылығы экономиканың технологиялық деңгейін көтеруде, қайта өңдеуді дамытуда және бәсекеге қабілетті өнімдер өндірісін кеңейтуде жатыр. Бұл нәтижелер аймақаралық серіктестіктің жаңа кезеңіне берік негіз бола алады», – деп түйіндеді Әлішер Тастенов.