Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі 10 млрд доллардан асты – Президент

Бүгін, 14:22 / Інжу Әлихан
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты пікірін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президент басты бағыт ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық мәселесін атады.

– Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ірі инвесторлардың арасында тоғызыншы орын алады. Кореядан елімізге 12 миллиард доллардан астам инвестиция келді. Қазақстанда корей капиталының үлесі бар мыңнан аса бірлескен кәсіпорын тіркелген. Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte, Hanwha секілді жетекші компаниялар Қазақстан нарығында ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Осы сапар аясында жалпы құны шамамен 19 миллиард долларға бағаланған коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – экономикалық ықпалдастығымыздың қарқыны жоғары екеніне айқын дәлел, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Инвесторлардың елімізде ұзақ уақыт жүріп-тұруын жеңілдетін «Altyn Visa» бағдарламасы осы мақсатқа қызмет етеді.

– Өнеркәсіп саласында экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Былтыр елімізде іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты бұған жарқын мысал бола алады. Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығарады. Өндірістің айналасында толыққанды кластер қалыптасып келеді. Кореяның технологиялық қуатын еліміздің өндірістік әлеуетімен ұштастыратын дәл осындай серіктестік үлгісін басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын. Бұл ретте Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуін өткізу идеясын құптаймын. Осы бастаманы одан әрі ілгерілету үшін «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынамын. Аталған тетік аясында үкіметтеріміз өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя отырып, бірлескен маңдайалды жобалардың тізімін жасақтай алар еді. Бүгінгі «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-форумы осы үдеріске елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.