Жастар ресурстық орталықтарының жұмысында кемшіліктер бар – Дидарбек Ділдәбек

Бүгін, 13:00 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа жастарды жұмыспен қамту туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әділет» партиясы еліміздің жастарын «ел дамуының басты қозғаушы күші, әрі болашағының берік іргетасы» деп есептейді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес,  елімізде 15 пен 34 жас аралығындағы еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін (NEET санатындағы) жастардың үлесі – 5,8 пайыз.   

100 мыңнан астам тіркелген және 300 мыңнан астам уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүрген жас азамат. Бұл топ – деструктивті тәуекелдерге бейім ең осал орта», – деді Д. Ділдәбек.

Оның сөзінше, Жастар ресурстық орталықтарының мүмкіндігі көбіне қалалық белсенді жастармен шектеліп, ауылдық жерлердегі және осал топтағы жастар ақпараттық вакуумда қалып отыр.

«Елімізде бүгінде жастарды әлеуметтендіру мәселесімен 235 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді.

Орталықтар жүйелі жұмыс атқаруда, алайда, олардың жұмысында кемшіліктер бар екендігін де мойындауымыз керек.

  1. Жастар ресурстық орталықтарының мүмкіндіктері, көбінесе тек қалалық белсенді жастардың арасында ғана қалып отыр. Ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтар ақпараттық вакуумда өмір сүріп жатыр. Жастардың басым бөлігі тығырықтан шығар жолды мемлекеттік бағдарламаларсыз, өз бетінше іздеуге мәжбүр.
  2. Жастар инфрақұрылымының қызметі көбіне жалпылама сипатқа ие және нақты мақсатты топтармен, әсіресе жасырын NEET жастарымен атаулы жұмыс жүргізуге бейімделмеген.
  3. Аудандық және ауылдық деңгейдегі Жастар Ресурс орталықтары қызметкерлерінің материалық ынталандыру мәселесі  қажетті деңгейде емес. 
  4. Жас мамандар «Smart Data Ukimet» немесе «Отбасының цифрлық картасы» сияқты мемлекеттік базалармен жұмыс істей алмайды және тығырыққа тірелген жастармен кешенді мансаптық жұмыс жүргізуге қауқарсыз», – деді ол.

Дидарбек Ділдәбек Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын өткізілген іс-шаралар санымен емес, жастардың тұрақты жұмысқа орналасуы және сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруі арқылы бағалауды ұсынды.

«Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін:    

  1. Жастар ресурстық орталығы жұмысын бағалауда өткізілген іс-шаралар саны  арқылы емес нақты тұрақты жұмысқа немесе қысқа мерзімді курстарда сұранысқа ие мамандық алып шыққан азаматтар саны арқылы бағалауды;  
  2. Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің
    жастар шоғырланған орындарға – ірі базарларға, вокзалдарға, қала маңындағы жұмысшы кенттеріне көбірек жіберіп, көшпелі кеңес беру пункттерін ұйымдастыруды;   
  3. Құзырлы министрліктерге «Smart Data Ukimet» жүйесінде автоматты алгоритмді енгізуді. Ол үшін 15–35 жас аралығындағы азамат оқудан шыққан немесе зейнетақы жарнасы түспеген сәтте, оған eGov Mobile арқылы атаулы
    SMS-ұсыныс жіберуді;    
  4. Жергілікті бюджеттен имидждік форумдар
    мен акцияларға жұмсалатын шығындарға мораторий енгізіп, үнемделген қаражатты ауылдық және аудандық деңгейдегі Жастар ресурстық орталығы инспекторларының жалақысын көтеруге бағыттауды ұсынамын», – деді депутат.