Қарағанды гарнизонында 600-ге жуық әскери қызметкер «Айбалта-2026» оқу-жаттығуына қатысып жатыр

Бүгін, 09:14 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу орталығының полигонында «Айбалта-2026» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқу-жаттығуға «Астана» өңірлік қолбасшылығының құрамалары мен әскери бөлімдері қатысу үстінде. Оған 600-ге жуық әскери қызметші және 50-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған.

Негізгі міндет – әскерлердің мақсатқа сай міндеттерді орындауға әзірлігін тексеру, командирлер мен штабтардың жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ бөлімшелердің өзара іс-қимылын арттыру.

Оқу-жаттығу барысында штабтар әскерлерді басқару, бөлімшелерді жылжыту және қайта топтастыру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру, сондай-ақ жағдайдың өзгеруі барысында басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтайды.

Практикалық кезеңде әскери қызметшілер полигонда қару-жарақ пен әскери техниканы қолдана отырып, қазіргі заманғы қарулы күрестің даму үрдістерін ескере отырып, оқу-жауынгерлік міндеттер кешенін орындайды.

– «Айбалта-2026» – республика аумағында өткізіліп жатқан стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың кезеңдерінің бірі. Оның барысында әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін, басқару органдарының үйлесімділігін және әскерлердің шынайы жағдайға барынша жақын ортада тиімді әрекет ету қабілетін тексереміз, – деді ҚРҚарулы күштері Құрлық әскерлері Бас жедел басқармасының бастығы полковник Қанат Жәнкеев.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша басқару органдары мен әскерлердің әзірлігі бағаланып, жауынгерлік даярлықты жетілдірудің одан арғы бағыттары айқындалады.