Астанада 11 жастағы оқушы 280 кітап оқыған

Бүгін, 09:03 / Інжу Әлихан
Астана әкімдігі

Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің ерекше білім беруді қажет ететін оқушысы Амаль Сафиуллина кітап оқуды өзінің сүйікті ісіне айналдырған. Бүгінде 11 жастағы оқушы 280 кітап оқып, білімге деген қызығушылығы мен табандылығын көрсетіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, оның кітап әлеміне жасаған алғашқы қадамына аяулы әжесінің еңбегі мен мейірімі себеп болған. Әжесі кішкентай кезінен немересіне кітап оқып беріп, әр шығарманың мазмұнын бірге талқылаған. Осылайша отбасындағы кітап оқу дәстүрі Амальдің тұрақты әдетіне айналып, бүгінде ол кітаптарды өз еркімен таңдап, қызығушылықпен оқиды.

Оқушы ғылыми-танымдық, энциклопедиялық, дамытушы және көркем әдебиеттерді ұнатады. Әр кітаптан жаңа ақпарат алып, қоршаған әлем туралы білімін толықтыруға тырысады. 280 кітап – оның тұрақты еңбегі, ізденісі және оқуға деген қызығушылығының нәтижесі.

«Кітап оқитын ұлт бір күнде қалыптаспайды. Ол баласына кітап ұсынған ата-анадан, немересіне кітаптың қадірін үйреткен әжеден, оқуға ынталандырған ұстаздан және кітаппен дос болған баладан басталады», – дейді Амальдің әжесі.