30 жыл бойы құрбы болған екі әйел туған әпкелі-сіңлі болып шықты

Бүгін, 21:35 / Жамбыл Жайлау
bbc.com

Үндістанда дүниеге келіп, кейін Нидерландтағы екі бөлек отбасы асырап алған Мина Гелтинк пен Минал Тейссен 30 жылдан астам уақыт бір-бірін жақын құрбы деп келген. Алайда 2026 жылы тапсырған ДНҚ тесті олардың туған әпкелі-сіңлі екенін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

BBC мәліметінше, Мина мен Минал 1980-жылдардың басында Мумбайдағы екі түрлі балалар үйінен бірнеше ай айырмашылықпен асырап алынған.

Екеуі алғаш рет жасөспірім кезінде, асырап алынған балаларға арналған кездесуде танысқан. Сол кезде-ақ олардың сырт келбеті мен күлкісінің ұқсастығы достарын таңғалдырған.

Мина да Миналды алғаш көргенде оның мұрны мен күлкісі өзіне ұқсайтынын байқағанын еске алады. Кейін қыздар байланысын үзбей, бірнеше жыл бойы хат жазысып, бір-бірін әзілдеп "әпкем" және "сіңлім" деп атай бастаған. Олар мектеп, музыка, достар және жеке өмірі туралы жиі сырласқан. Тіпті екеуінің де Backstreet Boys тобына қызығатыны белгілі болған.

Алайда шамамен 15 жыл бұрын олардың араласуы тоқтап қалған. Минал Францияға көшкен, ал Мина отбасын құрып, бала тәрбиесімен айналысқан. 2017 жылы Мина ДНҚ арқылы туыстарды табуға болатынын біліп, тест тапсырғанымен, сол кезде ешқандай сәйкестік анықталмаған.

2026 жылдың мамырында оған Минал Facebook арқылы хабарласып, өзінің ДНҚ тестінің нәтижесін жіберген. Мина қосымшаға қайта кіріп, нәтижені тексергенде, жүйе олардың "толық әпке-сіңлі" екенін көрсеткен.

"Нәтижеде "толық әпке" деген жазу тұрды. Бұл біздің туған әкеміз де, туған анамыз да бір екенін білдіреді", – деді Мина.

Ол бұл жаңалықты білген сәтте көзіне жас алғанын айтады.

"Біз бір-бірімізді бұрыннан "әпке-сіңлі" деп атайтынбыз. Сөйтсек, шынымен де апалы-сіңлі екенбіз", – дейді ол.

ДНҚ нәтижесінен кейін екі әйел қайта кездесіп, бір-бірінің отбасыларымен танысқан. Қазір олар жиі сөйлесіп, мінезі, қимылы және сөйлеу мәнерінде де көптеген ұқсастық бар екенін байқап жүр.

Мина қазір үш баланың анасы, ал 44 жастағы Минал Францияда серіктесі және екі ұлымен бірге тұрады. Енді туған әпкелі-сіңлі атанған екі әйел бірге Үндістанға барып, өздері дүниеге келген Мумбай қаласын аралауды жоспарлап отыр.

Тэгтер:

үндістан құрбы