Әлемдегі аса ауқатты адамдардың байлығына 3% салық енгізіп, түскен қаражатты гуманитарлық және даму бағдарламаларына бағыттау 2030 жылға дейін 29,5 млн-ға жуық өлімнің алдын алуы мүмкін. Мұндай есеп The Lancet журналында жарияланған жаңа зерттеуде келтірілген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар табысы төмен және ортадан төмен 59 елдің 2002–2021 жылдардағы деректерін талдаған. Бұл мемлекеттерде жалпы саны шамамен 3,9 млрд адам тұрады. Кейін зерттеушілер 2026–2030 жылдары халықаралық көмектің қысқаруы жалғасқан жағдайда түрлі салық және байлықты қайта бөлу тетіктері өлім-жітім көрсеткішіне қалай әсер етуі мүмкін екенін модельдеген.
Зерттеу авторларының есебінше, ресми даму көмегін қазіргі қарқынмен қысқарту 2030 жылға дейін қосымша 7,6 млн өліммен байланысты болуы мүмкін. Оның шамамен 1,4 миллионы бес жасқа толмаған балаларға тиесілі. Бұл сценарий зерттеудегі өзге нұсқаларды салыстыру үшін бастапқы көрсеткіш ретінде алынған.
Ең үлкен ықтимал нәтиже аса ауқатты адамдардың байлығына 3% салық салу сценарийінде байқалған. Модель бойынша, бұл шара халықаралық көмекті қысқарту жалғасқан жағдаймен салыстырғанда 2030 жылға дейін шамамен 29,5 млн өлімнің алдын алуы мүмкін. Ал байлық салығы 1% болған жағдайда көрсеткіш 15,1 млн-ға жуықтайды.
Басқа тетіктер де есептелген. Қаржы операцияларына салынатын салық шамамен 24,5 млн, ал жылдық кірісі 750 млн еуродан асатын трансұлттық компанияларға жаһандық ең төменгі салық енгізу 20,1 млн өлімнің алдын алумен байланысты болуы мүмкін. Жалпы зерттеушілер байлықты қайта бөлудің он түрлі нұсқасын қарастырған.
Зерттеу халықаралық көмектің айтарлықтай қысқарып жатқан кезеңінде жарияланды. Euronews мәліметінше, ірі донор елдердің барлығы 2024–2025 жылдары ресми даму көмегін азайтқан, ал жалпы қысқару шамамен төрттен бірге жеткен. Бұл қаражат денсаулық сақтау, санитария, білім беру және инфрақұрылым сияқты салаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Сонымен бірге авторлар келтірілген сандардың нақты болашақ болжамы емес екенін атап өтеді. 29,5 млн көрсеткіші — статистикалық модель нәтижесі: ол белгілі бір салық саясаты енгізіліп, жиналған қаражат даму мен денсаулық сақтау бағдарламаларына жұмсалады деген шарттарға негізделген. Сондықтан зерттеу «3% салық міндетті түрде дәл 29,5 млн адамның өмірін сақтайды» дегенді білдірмейді.