Томат пастасы зейін мен есте сақтау қабілетін жақсартуы мүмкін

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Томат пастасы ақпаратты өңдеу жылдамдығына және есте сақтау қабілетіне оң әсер етуі мүмкін. Испаниялық ғалымдар осындай қорытындыға келді. Зерттеу Antioxidants ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге 40-55 жас аралығындағы дені сау адамдар қатысқан. Экспериментті толық аяқтаған 42 қатысушы үш ай бойы күн сайын орта есеппен 35 грамм концентрленген томат пастасын тұтынған. Оның құрамында шамамен 38 миллиграмм ликопин болған. Екінші үш айлық кезеңде олар ликопині аз рацион ұстанған. Екі кезеңнің арасында бір айлық үзіліс жасалған.

Нәтижесінде томат пастасын тұтынған кезеңде қатысушылардың қанындағы ликопин мөлшері жоғарылаған. Когнитивтік тестілер де бірқатар өзгерісті көрсеткен: зейінді шоғырландыру көрсеткіші орта есеппен 7,2 ұпайға, ақпаратты өңдеу жылдамдығы 8,3 ұпайға жақсарған. Сондай-ақ адамдардың бет-жүзді есіммен байланыстырып есте сақтау қабілетінде де оң өзгеріс байқалған. Ал атқарушы функцияларға айтарлықтай әсер анықталмаған.

Ғалымдар ликопиннің әсерін зерттеуге ерекше назар аударды. Бұл қызанаққа қызыл түс беретін каротиноид және антиоксиданттық әрі қабынуға қарсы қасиеттерімен белгілі. Зерттеу авторлары томат құрамындағы биологиялық белсенді заттар ми қызметіне ықпал етуі мүмкін деп болжайды.

Қатысушылардың 14-і функционалдық МРТ-дан өтті. Томат пастасын тұтынғаннан кейін олардың миындағы маңдай-төбе және есту желілерінің кейбір бөліктерінде функционалдық байланыс төмендеген. Авторлар мұны мидың ақпаратты тиімдірек өңдеуге бейімделуімен байланысты болуы мүмкін деп түсіндіреді. Алайда бұл нәтижеге сақтықпен қарау қажет: ми сканері небәрі 14 адамға жасалған және талдауда қатаң статистикалық түзетуден өтпеген көрсеткіштер пайдаланылған.

Сонымен қатар томат пастасын тұтынған кезеңде жүйке жасушаларының қызметі мен өміршеңдігін қолдауға қатысатын BDNF ақуызының мөлшері орта есеппен 15,2 нг/мл жоғарылаған. Дегенмен зерттеушілер бұл көрсеткіштің статистикалық сенімділігі шекаралық деңгейде болғанын атап өтеді. Сондықтан оны томат пастасының миға дәлелденген әсері ретінде қарастыруға әлі ерте.

Зерттеудің бірқатар шектеуі бар. Қатысушылар да, зерттеушілер де қай кезеңде томат пастасы қолданылғанын білген, сондықтан нәтижеге плацебо әсері ықпал етуі мүмкін. Бұған қоса, қатысушылар саны аз және зерттеу тек дені сау орта жастағы адамдар арасында жүргізілген.

Сондықтан ғалымдар қызанақ немесе томат пастасы есте сақтау қабілетін жақсартады не деменцияның алдын алады деп кесімді қорытынды жасауға болмайтынын ескертеді. Нәтижені растау үшін қатысушылар саны көп және ұзақмерзімді зерттеулер қажет.

Тэгтер:

томат томат пастасы