Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі келіссөздермен жалғасты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы Президент Ли Чжэ Мёңге Кореяға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде жақсы білеміз. Сіздің еліңіздің экономика, ғылым және технология саласындағы орасан зор жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды, солардың ішінде Қазақстан да бар. Біз Кореяда жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге куә болып отырмыз, оған үлкен қызығушылықпен қараймыз. Мұны Сіздің парасатты саясатыңыз бен корей халқының қажырлы еңбегінің жемісі деп санаймыз. Ал генерал Хон Бом До жөнінде әлгінде айттым. Халқыңыз үшін генералдың орны ерекше маңызды. Оның өмір жолы баршаға белгілі. Ол корей халқының нағыз патриоты, қаһарманы деп айтуға болады. Генералдың есімі Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне берілді, сондай-ақ мемориалдық кешен ашылды. Қазақ халқы генерал Хон Бом Доны ерекше тарихи тұлға деп санайды, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.
– Былтыр телефон арқылы алғаш рет сұхбаттасып, өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға келіскен болатынбыз. Ал бүгін екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру перспективасына тоқталды
– Қарым-қатынасымыздың әр саласында жақсы нәтижелер бар. Осы уақытқа дейін Корея Қазақстан экономикасына12 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Кореяның әлемге танымал компаниялары Қазақстан нарығында ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Біз оларға барлық жағдайды жасап отырмыз. Келешекте де солай болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да жылдан-жылға нығая түсуде.
– Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келді. Бұған екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Арамызда ірі жоба пайда болды. Ол – Алатау қаласының құрылысы. Бүгін біз Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қоямыз. Бұл қадам білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге тың серпін береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Астана мен Сеулдің халықаралық аренадағы ықпалдастығына жоғары баға берді.
– Мемлекеттеріміздің жаһандық орнықты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ұстанымы – ортақ немесе ұқсас, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.