Полицияға Алматы қаласындағы аудандық полиция басқармаларының бірінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға орнына қаланың шұғыл қызметтері дереу жетіп, ғимарат пен оған іргелес аумақты мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар, оқ-дәрілер және жедел қызығушылық тудыратын өзге де заттар анықталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында басқарма қызметкерлері аталған хабарламаны жасаған адамды анықтады.
Ол 56 жастағы ер адам болып шықты. Ер адам іс жүзінде ешқандай жарылғыш зат қоймағанын және ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаны қасақана жасағанын мойындады.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция азаматтарды жауапкершілікпен қарауға шақырады. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы кез келген хабарлама нақты қауіп ретінде қабылданып, тиісті қызметтердің жедел әрекет етуіне негіз болады.
Мұндай жалған хабарламалар арнайы қызметтердің уақытын алып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызып, заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.