Президент Қазақстан мен Корея Республикасы іскерлік орта өкілдері бас қосқан жиынның қатысушыларына ілтипат білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және шынайы достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
Оның айтуынша, аталған серіктестіктің іргесін белсенді саяси диалог пен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ ұстаным бекемдей түсті.
– Бүгінде Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Кореялық компаниялардың біздің елдегі нәтижелі қызметін жоғары бағалаймыз әрі бұл оң үрдісті нығайта береміз. Корей бизнесмендері инвестиция мәселесінде анағұрлым ширақ әрі батыл қимылдайтынын, жоғары адамгершілігімен, Қазақстанға деген сыйластығымен ерекшеленетінін үнемі айтып жүремін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, үкіметтер мен компаниялар күш-жігер біріктірсе, бұл көрсеткішті еселей түсуге болады.
– Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.