Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген балаларға Мәскеу мен Минскінің жетекші хирургтері ота жасады

Бүгін, 12:05 / Дана Ізтілеуова

Атырау облысында балаларға жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге және отандық дәрігерлердің кәсіби құзыретін арттыруға бағытталған Mumkindik медициналық жобасы аяқталды. Аталған жоба аясында 31 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында Мәскеу мен Минскіден келген білікті дәрігерлер Қазақстанның әр өңірінен келген ауыр хирургиялық және ортопедиялық патологиялары бар балаларға консультация беріп, түрлі ота жасады. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген жалпы саны 32 бала мамандардың тексеруінен өтіп, қажетті медициналық көмек алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл жоба BI Group компаниясының «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры мен Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Жоба аясында консультациялар, тексерулер мен оталар тегін жүргізілді.

Жобаның бірінші кезеңі балалар колопроктологиясы бағытына арналды. Ота жасау және қазақстандық мамандарға арналған шеберлік сабақтарын өткізу үшін Атырауға Мәскеуден медицина ғылымдарының докторы, профессор, балалар колопроктологиясы саласындағы әлемнің жетекші мамандарының бірі саналатын балалар хирургі Игорь Киргизов келді.

Оның жетекшілігімен 21 балаға хирургиялық көмек көрсетілді. Ем қабылдау үшін Атырау облысының тұрғындарымен қатар, Астана, Шымкент қалаларынан және Жамбыл, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан да емделушілер келді. Олардың арасында Фатима есімді қыз бала да бар. Оған Гиршпрунг ауруы, яғни тоқ ішектің туа біткен даму ақауы диагнозы қойылған. Жобаға дейін қыз балаға төрт рет ота жасалған.

«Қызым екеуміз диагноз нақты қойылғанға дейін бірнеше рет инфекциялық бөлімшеде ем қабылдадық. Кейін бізді хирургия бөліміне жолдады. Жағдайымыздың күрделі болуына байланысты бізді қабылдай алмай қала ма деп қатты алаңдадым. Қызым өздігінен дәретке шыға алмайтын, оның тоқ ішегі жоқ десе де болады.

Бақытымызға орай, профессор отаны сәтті жасады. Қазірдің өзінде оң нәтижесін байқап отырмыз. Осындай жоғары білікті маманнан медициналық көмек алуға мүмкіндік берген қор мен BI Group компаниясына шын жүрегімізден алғысымызды білдіреміз», – дейді қыздың анасы.

Сонымен қатар, Игорь Киргизов 33 балаға консультация беріп, олардың отбасыларына әрі қарайғы емдеу және оңалту шараларына қатысты ақыл-кеңесін айтты.

Айта кетерлігі, жоба аясында жасалған оталар қазақстандық мамандар үшін тәжірибелік оқыту алаңына айналды. Шеберлік сабақтарына Семей қаласы мен Атырау облысының аудандарынан келген балалар хирургтары қатысты. Сонымен бірге учаскелік педиатрлар мен қалалық емханалардың дәрігерлеріне арналған бірқатар дәрістер ұйымдастырылды.

Жобаны 7-11 қыркүйек аралығында Минск қаласындағы Республикалық травматология және ортопедия ғылыми-практикалық орталығының балалар травматологиясы және ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Юрий Лихачевский жалғастырды.

Оның жетекшілігімен Атырау облыстық балалар ауруханасында ауыр ортопедиялық патологиялары бар балалар медициналық тексеруден өтіп, консультациялар алды және жоспарлы хирургиялық ем жүргізілді.

Юрий Лихачевский 11 ота жасап, сонымен қатар жергілікті травматолог-ортопедтермен тәжірибесін бөлісті.

Mumkindik жобасының негізгі мақсаты – жоғары мамандандырылған медициналық көмекті өңір тұрғындары үшін қолжетімді ету және күрделі медициналық қызметтерді жергілікті деңгейде көрсету мүмкіндігін кеңейту. Бұл ретте отбасыларға медициналық көмек алу үшін шетелге шығудың немесе республикалық медициналық орталықтарға жүгінудің қажеті болмады. Ал Атырау облысының дәрігерлері диагностика мен емдеудің озық әдістерін өз ауруханаларының базасында меңгеру мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінде BI Group компаниясы аталған жобаны Атырау өңірінде одан әрі ілгерілету мүмкіндігін қарастыруда. Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп медициналық көмектің заманауи әдістерін енгізуді жалғастыру, сондай-ақ шетелдік жетекші мамандармен кәсіби ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр.

Атырау облысында жүзеге асырылған бұл жоба – «BI-Жұлдызай» қорының Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі.

2026 жылдың басынан бері «BI-Жұлдызай» қоры шетелдік жетекші медициналық мамандардың қатысуымен 10 сапар ұйымдастырды. Оның аясында Астана, Шымкент, Тараз, Ақтау және Атырау қалаларында балаларға 146 күрделі хирургиялық ота жасалды.