Асланбек Шымбергенов бокстағы мансабын аяқтады

14 қыркүйек, 2026 / Жамбыл Жайлау
kazsports.kz

Бокстан әлем чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Асланбек Шымбергенов спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп turkystan.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Боксшының айтуынша, ол рингке қайта оралуды ойлап, жаттығуын да қайта бастаған. Алайда кейін мансабын жалғастырмау туралы шешім қабылдаған.

"Боксқа қайта ораламын деген ой болған. Тіпті, жаттығуды да қайта бастап көрдім. Бірақ қолым жүрмеді. Сондықтан кәсіби мансабымды аяқтаймын деп шештім. Бүгінде Жамбыл облысындағы кәсіби бокс клубында басшының орынбасары болып жұмыс істеп жүрмін", – деді Шымбергенов.

Асланбек Шымбергенов 1993 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Ол жартылай орта және бірінші орта салмақ дәрежелерінде өнер көрсетті. 

Шымбергеновтің ең ірі жетістіктерінің бірі – 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатындағы алтын медаль. Сондай-ақ ол 2022 жылы Азия чемпионы атанды. 

Қазақстандық боксшы 2018 жылғы Азия ойындарында күміс, 2022 жылғы Азия ойындарында қола жүлде иеленген. Бұдан бөлек, 2019 жылғы Дүниежүзілік әскери ойындардың чемпионы. 

Ол Қазақстан чемпионатында 2014 және 2017 жылдары алтын медаль жеңіп алып, 2013 және 2018 жылдары күміс жүлдеге ие болған. 

Асланбек Шымбергенов бірнеше жыл Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болды. Енді ол Жамбыл облысындағы кәсіби бокс клубында басшылық қызметте жұмысын жалғастырады.

Тэгтер:

бокс Асланбек Шымбергенов