Қарағандыда Ұлттық ұлан оркестрі карусельге мініп, ерекше концерт қойды

Бүгін, 20:02 / Жамбыл Жайлау
Tengrinews.kz (видеодан скриншот)

Қарағандыда Қазақстан Ұлттық ұланының музыканттары ерекше форматта өнер көрсетіп, көпшіліктің назарын аударды. Оркестр мүшелері Орталық саябақтағы карусельге отырып, аттракцион қозғалып тұрған кезде музыкалық композиция орындаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерекше қойылым түсірілген видео кейін әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Оркестр бастығы Шыңғысхан Жасұланның айтуынша, бұл идея әлеуметтік желідегі америкалық трендтен туындаған. Музыканттар карусель үстінде ойнап тұрған шетелдік әріптестерінің видеосын көріп, оны Қазақстанда қайталауды ұйғарған.

"Instagram желісінен бірнеше музыкант карусельде ойнап тұрған америкалық трендті көріп, оны қайталауды жөн көрдік", – деді дирижер.

Музыканттар бұл бастаманы бірден қолдаған. Ал ефрейтор Қуаныш Жексенбаев түсірілім жұмыстарын ұйымдастырып, идеяны жүзеге асыруды қолға алған.

Ұлттық ұлан оркестрі Қарағандыға Guard Next жастар жобасы аясында гастрольдік сапармен келген. Жобаның негізін Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің бастығы, майор Төрехан Жаудинов қалаған.

Орталық саябақтағы өнер көрсету кезінде музыканттар жоспарлаған ерекше идеясын іске асырып, аттракциондардың бірінде отырып концерт қойған.

Тэгтер:

концерт Қарағанды оркестр