Қазақстандықтардың 76,8 пайызы «Заң мен Тәртіп» қағидатын қолдайды – ҚСЗИ

Бүгін, 17:31 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2026 жылдың III тоқсанына арналған сауалнама нәтижесі Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамдық қолдау деңгейі өте жоғары екенін және азаматтар оны күнделікті жауапкершілікпен, қауіпсіздікпен және жеке белсенділікпен байланыстыратынын көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Заң мен Тәртіп» қағидатының жеке маңыздылығын қазақстандықтар 5 балдан орта есеппен 4,47 балл деп бағалайды. Респонденттердің 76,8 пайызы қағидатты қандай да бір түрде қолдайтынын білдіреді.

Бұл ретте зерттеудің ең елеулі нәтижелерінің бірі – азаматтардың қағидатты іске асыруға жеке қатысуға дайындығының артуы. Заң мен тәртіпті ілгерілетуге қатысып жүрген немесе қатысуға дайын респонденттердің үлесі II тоқсандағы 37,4%-дан III тоқсанда 41,7%-ға дейін өсті.

Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандардың 44,1%-ы осы қағидатты өткен тоқсандағы 41,5%-бен салыстырғанда іске асырудағы оң өзгерістерді атап өткен. Осылайша, қолдау біртіндеп заңдылық құндылығын нақты іс-әрекетке айналдыруға деген дайындықпен толығып келеді.

Бұл бірлескен жауапкершілік логикасына сәйкес келеді. «Заң мен Тәртіп» «құқықтық мемлекеттің негізі» ретінде айқындалып, ал заңдылықты қамтамасыз ету тек мемлекеттік институттардың ғана емес, сонымен бірге азаматтардың өздерінің де күш-жігерімен байланыстырылады. Сауалнамада респонденттердің 41,5%-ы заң мен қоғамдық тәртіптің сақталуына мемлекет пен азаматтар бірдей жауап береді деп есептесе, тағы 34,3%-ы мұндай жауапкершілікті ең алдымен әрбір қазақстандыққа жүктейді. Бұл жауаптар жиынтығында қоғамның жай-күйі үшін жеке және ортақ жауапкершілік идеясының жоғары деңгейде қабылдануын көрсетеді. Әділдік, қауіпсіздік және жауапкершілік – құндылықтардың нақты мән-мазмұны.

Зерттеудің бөлек бір мазмұнды нәтижесі – әділдікке, заң алдындағы теңдікке және қауіпсіздікке деген тұрақты сұраныс. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі (55,4%) «Заң мен Тәртіп» қағидатымен жалпы таныс, ал оны іске асырудың ең маңызды бағыттары ретінде әйелдер мен балаларды қорғауды (38,6%), қаржылық алаяқтықпен күресті (37,3%), есірткі қылмысы мен экстремизмге қарсы әрекетті (35,6%) атайды. Бұл азаматтардың құқықтық тәртіпті жалпы түрде емес, жеке, отбасылық және экономикалық қауіпсіздіктің нақты мәселелері арқылы қабылдайтынын көрсетеді.

Қағидатты іске асыру нәтижелерін жастар біршама оң бағалайды.18-28 жас аралығындағы респонденттер арасында 46,2%-ы айқын және жекелеген оң өзгерістерді атап өткен. Бұл жауапты азаматтықты, құқықтық мәдениетті және жастардың қоғамдық қатысуының жасампаз нысандарын дамытуға деген неғұрлым кең сұранысқа сәйкес келеді.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері «Заң мен тәртіп» қағидатының азаматтар үшін барған сайын нақты практикалық мәнге ие болып келе жатқанын көрсетеді. Құқықтық тәртіп жеке және қоғамдық қауіпсіздіктің шарты ретінде қабылданады, оны сақтауда азаматтың өзінің рөлі маңызды. Мұндай ұстаным құқықтық мәдениетті нығайтуға, жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға және мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының неғұрлым тұрақты моделін дамытуға негіз қалайды.

2026 жылдың III тоқсанында жүргізілген «Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалдың негізгі индикаторлары бойынша тоқсан сайынғы сауалнаманы» Қазақстандық қоғамдық даму институты жеке сұхбат әдісімен жүргізді, іріктеу жиынтығы – 18 жас және одан асқан 2 400 респондент. Зерттеу жүргізілген аумақ – республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалалары, 17 облыс орталығы, сондай-ақ ауылдық елді мекендер. Сауалнама 2026 жылдың 1 мен 16 тамызы аралығында жүргізілді.