Отанға деген сүйіспеншілік пен елге қызмет етуге деген ұмтылыс бала кезден қалыптасады. Осы мақсатта Астана қаласындағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміндегі базасында «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Бүгінде клуб құрамында жиырмадан астам ұл-қыз тәрбиеленіп, әскери-патриоттық бағыттағы түрлі іс-шараларға белсенді қатысып келеді.
Әскери бөлім аумағына аяқ басқан жасөспірімдер үшін әрбір сабақ — жаңа әсер мен жаңа білімнің бастауы. Мұнда олар әскери қызметтің қыр-сырымен танысып қана қоймай, тәртіп, жауапкершілік, ұйымшылдық және Отан алдындағы борыш секілді ұғымдардың мәнін терең түсінуге мүмкіндік алады.
«Жас Бүркіт» клубының тәрбиеленушілері әскери бөлім базасында тұрақты түрде теориялық және практикалық сабақтарға қатысады. Жасөспірімдер саптық дайындықтың бастапқы элементтерін меңгеріп, дене шынықтыру және әскери-қолданбалы дайындық бағыттарында өз білімдері мен шеберліктерін шыңдайды. Сонымен қатар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, әскери қызметшілердің күнделікті еңбегіне куә болады.
Клуб жұмысының тағы бір маңызды бағыты — патриоттық тәрбие. Жас бүркіттіктер мемлекеттік және ұлттық мерекелерге, тарихи-танымдық кездесулерге, әскери-патриоттық акциялар мен спорттық сайыстарға тұрақты түрде қатысады. Ел тарихындағы айтулы даталарға арналған іс-шараларда жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін тағылымды кездесулер ұйымдастырылады.
Мұндай шаралардың барлығы жастардың бойында елге деген құрметті қалыптастырып, туған жердің қадірін түсінуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға және азаматтық жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.
5573 әскери бөлімінің тәрбие жұмысы барысында жас ұрпақпен тығыз байланыс орнатуға ерекше мән беріледі. Әскери қызметшілер мен жасөспірімдер арасындағы кездесулер барысында Отан қорғау, әскери антқа адалдық, жауынгерлік жол және ел тыныштығын қамтамасыз етудің маңызы туралы кеңінен түсіндіріледі.
5573 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары, подполковник Аслан Оразалин клуб жұмысының маңыздылығына тоқталды.
«Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының негізгі мақсаты — жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ел алдындағы жауапкершілікті және азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Біз балалардың әскери қызмет туралы тек сырттай естіп қана қоймай, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысқанын қалаймыз.
Бүгінде клубта жиырмадан астам ұл-қыз тәрбиеленіп келеді. Олардың әр іс-шараға белсенді қатысып, жаңа білімге қызығушылық танытып жүргені қуантады. Әскери-патриоттық тәрбие — бір күндік жұмыс емес. Бұл — жас адамның тұлға болып қалыптасуына бағытталған жүйелі процесс. Біздің мақсатымыз — болашақта қай саланы таңдаса да, елінің нағыз патриоты болатын азаматтарды тәрбиелеуге өз үлесімізді қосу», — деді подполковник Аслан Оразалин.
Клуб мүшелері үшін әскери бөлімдегі әрбір кездесу — өзін-өзі дамытуға берілген мүмкіндік. Бірі әскери мамандықтарға қызығушылық танытса, енді бірі спорттық бағытта өз қабілетін шыңдайды. Ал барлығына ортақ мақсат — өз еліне пайдасын тигізетін азамат болу.
Әскери-патриоттық тәрбие жасөспірімдердің бойындағы батылдық пен табандылықты ғана емес, өзара сыйластық пен командалық рухты да қалыптастырады. Әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша ұйымдастырылатын жарыстар мен түрлі эстафеталар балаларды қиындықты бірге жеңуге, бір-біріне қолдау көрсетуге және ортақ нәтижеге ұмтылуға үйретеді.
«Жас Бүркіт» клубының жұмысы арқылы жасөспірімдер әскери қызметтің сыртқы қырларымен ғана емес, оның ішкі құндылықтарымен де танысады. Себебі әскери қызмет — ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікті, адалдық пен табандылықты талап ететін қасиетті міндет.
Бүгінгі жас бүркіттіктер — ертеңгі ел азаматтары. Олардың арасынан болашақта әскери қызметші ғана емес, түрлі саланың білікті мамандары шығуы мүмкін. Ең бастысы — олардың жүрегінде туған елге деген сүйіспеншілік пен Қазақстанға қызмет етуге деген азаматтық ұстаным қалыптасуы.
5573 әскери бөлімінің тілшісі
Лейтенант Айгерім Балтабаева