Астанада Counter-Strike 2 бойынша алғашқы отбасылық турнир ұйымдастырылды

Бүгін, 15:52 / Дана Ізтілеуова

Астанада Отбасы күніне орай отбасы мүшелерін бір командаға біріктірген ASTANA FAMILY CUP 2026 киберспорттық турнирі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жарыстың басты ерекшелігі – командалар тек туыстардан құралды. Турнирде ерлі-зайыптылар, аға-інілер, әпке-сіңлілер және басқа да жақын туыстар бір команда сапында бақ сынады.

Іс-шараны The Summit Esports (TSE) ұйымдастырды.

Жобаның мақсаты – киберспортты заманауи отбасылық демалыстың бір түрі ретінде танытып, әр буын өкілдерін ортақ қызығушылық төңірегінде біріктіру.

Турнир ұйымдастырушысы Азамат Божактың айтуынша, компьютерлік ойындар балалар мен ата-аналарды алшақтатады деген пікірді өзгерту – жобаның негізгі мақсаттарының бірі.

«Бұл жерде отбасы бір командаға айналады: бірге тактика құрады, жеңіс пен жеңілісті бірге қабылдайды, бір-біріне қолдау көрсетеді. Сондықтан алғашқы турнирді дәл Отбасы күнінде өткізу біз үшін ерекше символдық мәнге ие», – деді ол.

Қатысушылар алдымен топтық кезеңде бақ сынады. Үздік отбасылық командалар кейін плей-офф кезеңіне өтіп, жүлделі орындар үшін өзара сынға түсті.

Ұйымдастырушылар ASTANA FAMILY CUP жобасын бір реттік шара ретінде емес, Қазақстанда отбасылық киберспорттық жарыстардың жаңа дәстүрін қалыптастыруға бағытталған жоба ретінде дамытуды жоспарлап отыр.