Үкімет: Ақтөбе облысында бірқатар медициналық нысанның құрылысына 5,7 млрд теңге бөлінді

Бүгін, 15:46 / Інжу Әлихан
Үкімет

Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясында қойған міндеттері шеңберінде Үкімет өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды озық қарқынмен дамыту бойынша жұмыстар жүргізуде. Ақтөбе облысында денсаулық сақтау саласындағы үш жобаны жүзеге асыруға 5,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаражат Ақтөбе қаласында жаңа жедел жәрдем қосалқы стансасына және Ырғыз ауданындағы емханаға, Жаңақоныс тұрғын алабындағы облыстық психикалық денсаулық орталығына қосымша ғимараттар салуға бағытталды. Барлық нысандарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақтөбе қаласындағы Қарғалы тұрғын алабында құны 3 млрд теңгеден асатын, 10 санитарлық машина сиятын гаражбен жабдықталған, жылына 25 мың шақыртуға баруға арналған жедел және шұғыл медициналық көмектің жаңа қосалқы стансасы салынады. Жаңа қосалқы станса бригадалардың келу уақытын қысқартуға және Қарғалы, Ақжар, Көктем, Қызылжар сынды басқа да қала маңындағы аумақтардың қарқынды дамып келе жатқан тұрғын алаптарының тұрғындары үшін шұғыл көмектің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған қосалқы стансаның жеті бригадасы шамамен 110 мың адамға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ осы аудандардың белсенді дамуы жедел жәрдем қызметіне жүктеменің одан әрі артуына әкеледі.

Сонымен қатар өңірдегі қолданыстағы медициналық ұйымдардың қуатын кеңейтуге бағытталған екі жобаға қаражат бөлінді. Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі есебінен кабинет қоры кеңейтіліп, пациенттерді қабылдау жағдайы жақсарады. Атап айтқанда, Ырғыз аудандық ауруханасының жанынан ауысымына 300 адам қабылдауға арналған құны 1,3 млрд теңге болатын екі қабатты емхана ғимараты салынады. Жаңақоныс тұрғын алабындағы облыстық психикалық денсаулық орталығына құны 1,4 млрд теңге болатын екі қабатты ғимарат салынады.

Жалпы, осы жобаларды жүзеге асыру медициналық инфрақұрылымды одан әрі жаңартуға және азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.