ШҚО-да 70 жастағы әже салмағы 30 келі снарядты 40 рет көтеріп, көпті таңғалтты (ВИДЕО)

Бүгін, 15:20 / Дана Ізтілеуова

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінде өткен Nomad Álemi фестивалінде 70 жастағы қария көпшілікті таң-тамаша етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

YK-news.kz мәліметінше, 5 сағатқа созылған жарыста қатысушылар арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ләңгі тебу, қошқар макетін көтеру, белбеу күресі және асық ату сияқты ұлттық ойындардан өзара кім мықтыны анықтады. Жарыс алаңында балалар, жастар және аға буын өкілдері қатар өнер көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстардың басты мақсаты жеңімпазды анықтау емес, қонақтарға көшпелі мәдениеттен бастау алған дәстүрлі ойындарды таныстырып, олардың бүгін де маңызы үлкен екенін көрсету болған. Сондықтан жарыста кәсіби бәсекеден гөрі қатысу, көтеріңкі көңіл-күй және өз күшін сынап көру маңызды болды.

Фестивальдегі ең қызықты сынақтардың бірі — салмағы 30 келі қошқар макетімен отырып-тұру. Күш пен жігерді талап ететін сайысқа түрлі жастағы қатысушылар қатысты. Бәрінен де бұл бәсекеде 70 жастағы апа ерекше көзге түсті. Ол салмағы 30 келі болатын снарядпен 40 рет отырып-тұрып, жиналған қауымды таңғалдырды.

Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай сайыстар ұлттық ойындарды дәріптеп қана қоймай, олардың кез келген жастағы адамға қызықты әрі қолжетімді екенін көрсетеді.