Таиланд Қазақстан туристері үшін визасыз режим мерзімін қысқартты

Бүгін, 12:11 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар Таиландта визасыз 60 емес, 30 күн бола алады. Сонымен қатар 180 күн ішінде елде болудың жалпы мерзімі 90 күнмен шектеледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өзгерістер Қазақстан азаматтарына және бірқатар басқа елдердің азаматтарына қатысты. Бұл туралы Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігі хабарлады.

«Таиланд бірқатар мемлекет азаматтарының, оның ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарының визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартады. Таиланд Министрлер кабинетінің тиісті шешімі 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді», – делінген елшілік хабарламасында.

Жаңа ереже күшіне енгеннен кейін қазақстандықтар Таиландта елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз бола алады. Бұл ретте әрбір 180 күндік кезеңдегі елде болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауы тиіс.

Яғни алты ай ішінде Таиландқа бірнеше рет барған жағдайда, әр сапардағы болу мерзімі қосылып есептеледі. Белгіленген 90 күндік жалпы шектен асыруға болмайды.

Егер сапар 30 күннен ұзаққа созылса, визасыз режим жеткіліксіз болады. Мұндай жағдайда тиісті визаны алдын ала рәсімдеу қажет.

Алдағы айларда Таиландқа ұзақ демалысқа немесе бірнеше рет сапарлауды жоспарлаған азаматтарға елшілік жаңа талаптарды ескеріп, сапарын алдын ала жоспарлауды ұсынады.