Белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Маңғыстау облысында өткен айтыста айтқан сөзі үшін 6 айға айтыстан шеттетілген ақын Мақсат Ақановқа араша түсіп, жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Мақсат Ақановтың Шайыр ауылында өткен айтыс кезінде айтқан сөзінен үзінді тараған болатын. Осы видеоға қатысты пікір білдірген Нұргүл Хасанова ақынның сөзін сынға алып, оны сахна мәдениеті мен айтыс әдебіне сай емес деп бағалады. Ізінше әлеуметік желіде қолданушылар ақынды сынағандар қатары арта түсті.
«...Кешелі бері әлеуметтік желіде Мақсат ағамның Шайырдағы айтысы талқыға түсіп жатыр екен. Тұнып тұрған талант, топтан озған тұлпар ағамның атына небір әңгіме айтылып жатқандықтан, тып-тыныш отыра беруге арым жібермеді.
Рас, жазды, жаңылды. Өзіне хабарласып, жағдайын сұрадым. «Ел алдында айыптымын» деп қатты қынжылып отыр.
Төл өнерді төрге оздырған бапкер халқым, ауырды жер, серінің еркелігін ел көтереді ғой. Мақсаттай біртуар ақынның ағат қылығына кешіріммен қараңыздаршы.
Сахнаға ес-түссіз шығып, бұтына елдің туын байлаған әлгі бір әншілердің де сорақы әрекетін кешірдіңіздер ғой.
Мұқағали ақынның Бауыржан Момышұлына:
«Ақын болып талай жерді араладым,
Жақсыменен жаманды сараладым,
Москваны қорғаған батыр аға, Бір ініңді қорғауға жарамадың», — дейтіні бар еді ғой.
Қыз-жігіт айтысының озық үлгісін көрсетіп жүрген, сал-серілердің сарқыты бір ақынымызды кешіре алсақ, қорғай алсақ, жарар еді.
Мақсатымыз көп емес қой...», – делінген жазбада.