Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінің күміс жүлдегері атанды

Бүгін, 11:56 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Халықаралық гимнастика федерациясы

Қазақстандық Ақмарал Ерекешева Чехияның Брно қаласында өтіп жатқан көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сенбіде спортшылар жеке көпсайыста медальдар жиынтығын сарапқа салды. Ерекешева төрт жарыс түрінің қорытындысы бойынша 116,500 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді. Осылайша, ол күміс медаль иегері атанды.

Қазақстандық спортшы барлық жарыс түрінде екінші нәтиже көрсетті. Оны тек украиналық Таисия Онофрийчук (117,900) басып озды. Қола жүлдені польшалық Лилиана Левинская (108,250) иеленді.

Брнодағы Гран-при кезеңі жексенбі, 13 қыркүйекте аяқталады. Бұл күні жекелеген жаттығулар бойынша финалдық кезең өтеді. Оған іріктеуде үздік нәтиже көрсеткен сегіз спортшы қатысады. Ерекешева шығыршық, доп, шыбық және таспамен өнер көрсетіп, төрт жарыс түрінен медаль үшін таласады.

Бұған дейін спортшының Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының тізіміне енгені белгілі болды. Көркем гимнастикадан жеке бағдарламада еліміздің намысын Айбота Ертайқызы да қорғайды.