Жаңалықтар

Консерваторлар мен реформаторлардың күресі

ашық дереккөзі

Консерваторлар мен реформаторлардың күресі

Екі аптадан соң Иранда  президент сайлауы. Бұл ел былтыр қаңтарда көп жылғы экономикалық құрсаудан шыққалы ғаламдық геосаясатта қайтадан бедел жинай бастады. Әсіресе, соңғы кезде Таяу Шығыстағы алпауыттардың теке-тіресінде, Сириядағы соғыста Тегеранның үні басымырақ естілетіндей. Содан болар, он екінші рет өткізілетін Иран президентінің сайлауы – халықаралық саясаттағы маңызды оқиғалардың бірі. «Әр елдің иті басқа» демекші, Иран президент сайлауының өз қызықтары бар. Мысалы, ә дегенде президент болуға аттай 1636 адам талап білдірген. Олардың басым көпшілігі, яғни 1499-ы – ерлер, 137-сі – әйелдер. Президент болуға ұмтылғандардың жас айырмашылығы да жер мен көктей: ең кішісі 18-де болса, ең үлкені 92 жастағы қария екен. Үміткерлер тізімін Конституцияны қорғаушы кеңес бекітеді. Бұл кеңес осы талапкерлердің бәрінің құжаттарын тексеріп, олардың ішінен іріктеу жүргізді. Ақыры, талапкерлер қатары біртіндеп сиреп, қазіргі таңда президенттікке үміткер ретінде алты саясаткердің тіркелгені мәлім болды. Олар: іс басындағы президент Хасан Рухани, консерваторлар жетекшісі Ибрахим Раиси, бірінші вице-президент Исхақ Джахангири, Тегеранның мэрі Мұхаммед Багер Галибаф, бұрынғы мәдениет министрі Мұстафа Аға Мирсалим және бұрынғы ауыр өнеркәсіп министрі Мұстафа Хашеми Таба. Бірақ заңға сәйкес, соңғы тізім 27 сәуірде жарияланды. Осыдан соң қысқа мерзімді сайлауалды науқаны кезінде президенттікке үміткерлер үгіт-насихат жүргізеді, теледебаттарға қатысады. Заң бойынша, 19 мамыр күнгі сайлауда 50 пайыздан көп дауыс жинаған үміткер жеңімпаз атанады. Егер олардың ешбірі бұл межеден аспаса, онда ең көп дауыс алған екі үміткер арасында екінші тур өткізіледі. Ал Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежад пен оның кезінде вице-президент болған Хамид Багхаиді Конституцияны қорғаушы кеңес тіркеуден өткізбей қойды. Осы орайда айта кетерлік бір жайт, елдің рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің Махмұд Ахмадинежадтың қайта сайлануына қарсы екені мәлім. Былтыр Аятолла Әли бұл туралы «елдің мүддесіне қайшы іс» деген болатын. Екеуінің арасындағы теке-тірес Ахмадинежад президент болған кезден бері жалғасып келеді. Аятолла Конституцияны қорғаушы кеңес мүшелерінің жартысына жуығын өзі тағайындайды. Сондықтан Махмұд Ахмадинежадтың үміткер ретінде тіркелмей қалуында бір гәп бар екені анық сияқты. Махмұд Ахмадинежад Иранды 2005-2013 жылдары басқарды, ол елді елең еткізетін не дау туғызатын мәлімдемелер жасайтын саясаткерлердің бірі. Бірде ол: «Израиль түбі жер бетінен жойылып кетеді» деп халықаралық жанжал туғыза жаздаса, бірде: «Иран ғарыш бағдарламасы аясында ғарышқа ұшатын бірінші адам болуға дайынмын» деп Айды аспанға бір-ақ шығарған. Оның қоғамдық көлікпен жүретіні, президенттіктен түскен соң жұмысына автобуспен баратыны аңыздай айтылатын. Президент болған кезінде ол өзін либералды көзқарастағы саясаткер ретінде танытты. Сондай-ақ Иранның уран байыту бағдарламасы дәл осы Ахмадинежад тұсында қолға алынған болатын. Ал одан соң президент болып сайланған Хасан Рухани сол кезде Иранды халық­аралық құрсаудан босатып, еркін қоғам құруға уәде берген еді. 2015 жылы Тегеран АҚШ бастаған алты алпауыт мемлекетпен ядролық бағдарлама туралы келісімге қол қойып, экономикалық санкциялардан құтылды. Бұл келісімнің жасалуын Рухани өзінің басты жетістігі деп санайды. Қазір Иран президентінің сайлау науқаны астарында ескішілдер мен жаңашылдардың, яғни консерваторлар мен реформаторлардың айқасы жүріп жатыр. Хасан Рухани – реформаторлар өкілі. Ол өз сайлаушыларына «Бостандық пен бейбітшілікті арттыру» деген ұран тастады. Рухани екінші мәрте президент болып сайланатын болса, ядролық келісімді сақтап қалып, халықаралық әріптестікті одан әрі дамытуға уәде беріп отыр. Бірақ бұл келісімнің АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама кезінде қабылданғанын ұмытуға болмайды, ал қазіргі Ақ үй әкімшілігі Иранмен жасалған ядролық келісімге «нашар саясат» деп баға беріп үлгерді. Сондықтан Рухани қайтадан сайланған күннің өзінде, оның айтқан уәделерін орындауы қиындайды. Бұған қоса, Иранның консерваторлық көзқарастағы саяси элитасы «Батыс елдерімен ымыраға келу үшін Иран өз есесін қолдан берді» деп санайды. Осылайша, құбылмалы геосаяси өзгерістер Руханидің жолын кесуі ықтимал. Ал беделді діни қызметкер әрі өзін Пайғамбардан тараған ұрпаққа жатқызатын Ибрагим Раиси – консерваторлар өкілі. Ірі мұсылман қорын басқарады әрі оны Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи қолдап отыр. Кей сыбыстарға қарағанда, Раиси тіпті келешекте Аятолла Хаменеидің орнын басудан дәмелі. Жақтастары оның ымыраға көнбейтін бірбеткей ұстанымын жөн көреді. Президент болып сайлана қалса, ол Батыс елдеріне де, Ресейге де салқын қабақ танытатынын жасырмайды. Иран сайлауының тағы бір ерекшелігі – мұнда дауыс беру қорытындысының дұрыстығына ешкім күмәнданбайды. Бұл тұрғыда әділ сайлау өткізудің тәжірибесі бар. Басқаша айтқанда, дауыс беру бюллетеньдерін қолдан толтыру немесе дауыс санауда қандай да бір бұра тартушылық жоқтың қасы.