Қазақстандық боксшы, бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан WBO екінші орта салмақтағы чемпиондық жекпе-жекке промоутерлік сауда жариялағаннан кейін спортшының алдағы жоспары туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери Әлімханұлы мен қазіргі әлем чемпионы, ұлыбританиялық Хамза Шираздың командаларына келіссөз жүргізуге берілген уақыт аяқталғанын мәлімдеп, міндетті промоутерлік сауда тағайындады.
Қазақстандық боксшының менеджері Ширазбен жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін деп есептейді. Мұндай жағдайда Жәнібек чемпиондық белбеу үшін басқа қарсыласпен жұдырықтасады.
"Бүгін біз де, жанкүйерлер де Шираз бен Жәнібектің жекпе-жегі ресми жарияланады деп күттік. Бірақ келісімшартқа қол қойылмады. Біз олардың кез келген ұсынысына дайын едік. Хамза қорқады дегім келмейді, бірақ меніңше, ол Жәнібекпен жұдырықтаспайды. Егер жекпе-жекке дайын болса, қайда, қашан және қандай жағдайда өтетінін әлдеқашан ұсынар еді. Әзірге тым-тырыс. Неге екенін білмеймін", - деді менеджер Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Берік Сұлтанның пікірінше, Жәнібекпен жұдырықтасқысы келмесе, ұлыбританиялық боксшы чемпиондық белбеуден бас тартуға мәжбүр болады. Ондай жағдайда титулға таласу мүмкіндігі рейтингте одан кейін тұрған боксшыға беріледі.
"Меніңше, дүйсенбі немесе сейсенбіде Хамза титулдан бас тартады. Неге? Өйткені жұдырықтасқысы келсе, бірден келісер еді. Біз тараптан ешқандай мәселе жоқ. Тіпті тегін болса да, бір долларға болса да, Лондонда болсын, өзі шыққан Пәкістанда болсын - бәріне дайынбыз. Одан кейін не болады? Егер Хамза белбеуден бас тартса, Жәнібек титул үшін рейтингте төмен тұрған боксшымен жұдырықтасады", - деп атап өтті ол.
Берік Сұлтан келіссөздер қалай аяқталса да, Әлімханұлының мақсаты өзгермейтінін айтты. Қазақстандық боксшы екінші орта салмақтағы төрт негізгі чемпиондық белбеудің бәрін жинауды көздейді. Ол үшін осы салмақтағы ең танымал боксшылардың бірі - мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен кездесу қажет болуы мүмкін.
"Егер жекпе-жек өтсе, Жәнібек Хамзаны нокаутқа түсіреді. Мұны бәрі біледі, Хамзаның өзі де біледі. Біз күтеміз және Хамзаның титулын аламыз. Одан кейін Канеломен келіссөз бастаймыз. Өйткені біздің басты мақсатымыз - осы салмақтағы барлық чемпиондық белбеуді жинау", - деді менеджер.
WBO Әлімханұлы мен Шираз арасындағы жекпе-жекке арналған промоутерлік сауданы 16 қыркүйекке белгіледі.