Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру, орталық аумағын көркейтіп, көгалдандыру және тазалықты сақтау мәдениетін насихаттау.
Игі бастамаға «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттары Бекжан Әлімқұлов пен Нұржан Ниязалиев, сондай-ақ «Семізбай-U» компаниясының командасы қатысты.
Қатысушылар орталық аумағын тазалап, абаттандыру жұмысына атсалысты. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғам мүшелерін ортақ іске жұмылдырып, әлеуметтік нысандарға қолдау көрсетуге бағытталған.
Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиевтің пікірінше, жастармен экология және тазалық мәселелері бойынша жұмысты бір реттік акциямен шектемей, күнделікті үрдіске айналдыру қажет.
– Балалар үйінде 3 жастан 17 жасқа дейін 100-ге бала бар. Бәріміз бірге көшет отырғыздық. Балалармен тек қана «Таза Қазақстан» акциясы туралы емес, экология және адамның тазалығы туралы сөйлестік. Олардың болашаққа деген көзқарасы мен патриоттық сезімі мол екен. Жалпы, бұл – тек бірыңғай акция емес, Конституциямызда белгіленген әр адамның жауапкершілігі. Жастармен жұмыс жасауды күнделікті қолданатын процесске енгізу үлкен азаматтардың жастарға деген борышы» — дейді Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев.
Астана әкімдігінің әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Айгерім Түгисова «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен игі бастамаға атсалысқан жандарға алғысын білдірді.
– Бүгін – орталығымызда нағыз еңбек пен қуаныштың табысқан күні. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы және еліміздің қалаулары, «Әділет» партиясының «Құрылтай» депутаттары орталығымызға келіп қамқорлық жасады. Бүгін ауламыз ерекше абаттандырылды, тазарып қалды. Жастарға аманат етіп қалатын 12 түп ағаш отырғызылды. Ұжымның және және тәрбиеленушілердің атынан келген қонақтарға үлкен алғысымызды айтамын — дейді ұжымның тәрбиешісі.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар елордада қоршаған ортаны абаттандыру, қоғамдық орындарды таза ұстау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында жалғасып келеді.