Астана жайлы қалаға айналмақ
Астана жайлы қалаға айналмақ
Бір айдан кейін елорда шетелдік қонақтарды қабылдайды. Халықаралық көрмеге дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Осы ретте Астана қаласындағы қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қолға алынды. Сондай жобалардың бірі – «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық». Қазір бұл жобаны жүзеге асыру барысында Астана қаласында түрлі шаралар жүргізілуде.
Бұл жобаның мақсаты – қала аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, бүкіл әлем көз тігіп отырған ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің ойдағыдай өтуіне барынша атсалысып, оған келетін қонақтардың алаңсыз болуы үшін жасалып жатқан жан-жақты дайындық шараларын үйлестіру. Осы бағытта полицияның алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Сондықтан, қазірден бастап мемлекеттік органдардың күшін бір жүйеге біріктіріп, тұрғындар арасында үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын жүргізу басталып кетті. Мәселен, Астана қаласы Ішкі істер департаменті бөлімшелері мен қызметтерінің жеке құрамы және ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық гвардия әскери қызметшілері «Учаске» шұғыл алдын алу іс-шарасын өткізді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының дамуы және ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жөніндегі арнайы кеңесте Астанадағы жер үйлердің бірінде 1000-нан астам адам тіркелгені туралы айтып, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа істің мән-жайын анықтауды тапсырған болатын. Осыған орай жүзеге асырылған шара аясында 120 мыңнан астам үй, оның ішінде 106 мыңнан астам көпқабатты үй, 16 мыңнан астам жекеменшік үй, 1100-ге тарта уақытша баспана тексерілді. Тексеру нәтижесінде 1600-ден астам үйдің заңсыз жалға берілетіндігі белгілі болып, 9900 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, елорданың тұрғын үй қорынан берілген 200 мыңға тарта пәтердің 40 пайызға жуығы жалға беріледі екен. Яғни, 70 мыңға тарта баспана көлеңкелі табыс көзіне айналуда. Мұндай кәсіпкерлікпен айналысатындар пәтерін жалға бергені үшін кемінде 3 пайыз көлемінде мемлекетке салық төлеуі тиіс.
Елордада ғана емес, еліміздің бірқатар ірі қалаларында заңсыз түрде жалға берілетін пәтерлер көп-ақ. Мұның бәрін анықтау қиын болса да, Астана қаласының тәртіп сақшылары бұл мәселемен күресті мықтап қолға алды. Яғни, тиісті тіркеусіз пәтерді жалға берумен айналысатын тұлғаларды анықтау шаралары жыл басынан бері жүргізіліп келеді. Үстіміздегі жылдың наурыз айындағы деректерге сүйенсек, жыл басынан бері 1000-нан аса жеке кәсіпкер тіркеліп, мемлекеттің кірісіне 18 миллион теңгеден аса қаржы түскен. Ал өткен жылы учаскелік полиция инспекторлары мен Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің бірлескен іс-қимылының нәтижесінде қала бюджетіне 85 миллион 600 мың теңге кіріс түсті.
Айта кетейік, салық төлеуден жалтаратындардың кесірінен қала бюджеті жылына жарты миллиардқа жуық теңгеден қағылып отыр. Оның үстіне, ЭКСПО көрмесі кезінде баспанасын жалға беретіндердің саны бұдан да артып, көлеңкедегі ақшаның көлемі көбейетіні анық. Сондықтан, әкімдік прокурор, полицейлермен бірігіп, шаршы метрін заңсыз жалға бергендерді жаппай әшкерелеуді мақсат етіп отыр. Осы ретте жыл басында елорда әкімдігі Астанадағы жалға берілетін пәтерлердің базасын жасауды қолға алған болатын. Әкімдіктің жалға берілетін баспаналар базасын жасатуы бекер емес. Өйткені ЭКСПО кезінде қалаға 2 миллионнан астам турист келетінін ескерсек, оларды қонақүйлер сыйдыра алмайды. Сондықтан жалға берілетін пәтерлерге де жайғасуына тура келеді. Ал баспанасын заңды түрде жалға беруден бас тартқандарға жаппай айыппұл салынбақшы.
Жергілікті полиция қызметкерлері ұйымдастырған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде пәтерлерін жалға беретін 300-ден астам адам өз бетінше тіркеліп, қызметтерін заңдастырды.