Астаналық оқушылар қауіпті жағдайда көмек шақыратын құрылғы жасады

Бүгін, 17:04 / Інжу Әлихан
Астана әкімдігі

Астана қаласындағы №111 мектептің оқушылары мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заманауи жобаны әзірледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, 7-сынып оқушысы Сұлтан Айтмұханбет пен 5-сынып оқушысы Айару Айтмұханбет оқушылар төтенше немесе қауіпті жағдайға тап болған кезде жедел көмек шақыруға мүмкіндік беретін «Төтенше жағдай түймесі» жобасының прототипін жасады.

Жас әзірлеушілердің идеясы – оқушыға қауіп төнген жағдайда ұзақ уақыт күтпей, бір батырманы басу арқылы жауапты тұлғаларға дереу хабарлама жіберу. Құрылғы мектептегі төтенше жағдайлар, буллинг, қысым көрсету және өзге де қауіп-қатерлер кезінде жедел әрекет ету мақсатында құрастырылған.

Жоба Arduino UNO микроконтроллері, GSM-модуль, арнайы батырма және қуат көзінен тұрады. Құрылғының жұмыс істеу механизмі қарапайым: оқушы өзін қауіпсіз сезінбеген немесе көмек қажет болған жағдайда арнайы батырманы басады.

Хабарлама ата-анаға, сынып жетекшісіне, мектеп әкімшілігіне немесе қауіпсіздік қызметіне жолдануы мүмкін. Бұл оқиға туралы ақпаратты қысқа мерзімде жеткізіп, жағдайға уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді.

Оқушылардың бұл жобасы балалардың қауіпсіздігі мәселесіне технологиялық тұрғыдан қарауға және заманауи цифрлық шешімдерді білім беру ортасына енгізуге бағытталған.

Сұлтан Айтмұханбет пен Айару Айтмұханбеттің әзірлемесі – оқушылардың өздері мектеп қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді көтеріп, оны шешуге бағытталған нақты бастамалар ұсына алатынын көрсетеді.