Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2026 жылдың шілдесінде Меркі – Шу – Бурылбайтал тас жолында «ВАЗ 21214» және «Volkswagen Polo» автокөліктері соқтығысқан. «ВАЗ» автокөлігінде болған азамат А. көлік құралын алкогольдік масаң күйінде басқарған.
Осы факті бойынша А. ӘҚБтК 608-бабының 6-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы). Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан талап қоюшының көлігіне материалдық шығын келтірілді. Сарапшының қорытындысы бойынша оның мөлшері 1,9 млн теңгеден асты.
Сот «ВАЗ» автокөлігінің иесі жауапкер екенін анықтады, бұл ретте оның жауапкершілігі сақтандырылмаған.
Сот көлік құралы жоғары қауіп көзі екенін және оның иесі келтірілген зиянды өтеуге міндетті екенін атап өтті. Осыған байланысты сот залалды көлік иесінен өндірді.
Сот шешімімен автокөлік иесінен талап қоюшының пайдасына материалдық залал сомасы, мемлекеттік бажды төлеуге, өкілдің қызметіне және бағалау жүргізуге жұмсалған шығындар өндіріліп, олардың жалпы мөлшері 2,2 млн теңгеден асты.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.