Ақмола облысында 150 жылқыны сатып жіберген жылқышыға үкім шықты

Бүгін, 17:00 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақмола облысының Зеренді аудандық сотында сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап еткені, бөтеннің мүлкін бірнеше рет, ірі мөлшерде иемденгені және алаяқтық жасағаны үшін Г-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол жылқышы болып жұмыс істей жүріп, 34 азаматпен олардың жылқыларын ақылы түрде бағу туралы ауызша келісімдер жасасқан. Ол жылқылардың сақталуын қамтамасыз ету міндеттемесін қабылдап, өзіне сеніп тапсырылған мүлік үшін материалдық жауапкершілік алған.

Алайда, 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Г-ның қылмыстық әрекеттері салдарынан 34 жәбірленуші азаматқа тиесілі 150 бас мал (биелер, тайлар, айғырлар, құлындар және 10 бас ұсақ мал) ысырап болған.

Жылқылардың жоғалғанын жасыру мақсатында, Г. біреудің жылқыларын жоғалған жылқылардың орнына басқа азаматтарға берген.

Келтірілген жалпы материалдық залалдың мөлшері 70 млн.теңгеден асты.

Сонымен қатар, Г. табынға айғыр сатып алуға жалған ұсыныс жасап, қаражат жинау туралы хабарлаған. Жылқы иелері ақша аударған, алайда Г. бұл қаражатты өз қалауы бойынша жұмсап, 5 жәбірленушіге жалпы сомасы 40 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірген.

Г-ның кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, Г-ның қолхаттарымен, жылқыларды бағу ақысының төленгенін растайтын түбіртектермен, жылқылардың ветеринариялық паспорттарымен, беттестіру хаттамаларымен, жылқыларды таныту нәтижелерімен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді.

Жаза тағайындауда сот Г.-ның асырауында 4 кәмелетке толмаған баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жай деп ескерді.

Сот үкімімен «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын қолданумен Г.-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру тағайындалды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылып, Г.-дан жәбірленушілердің пайдасына келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 70 млн.теңгеден астам қаражат өндірілді.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Ақмола облысы Жылқы мал ұрлау жылқышы