Кондратов орман тәлімбағында ҚАТЗУ-дың Орман зертханасы құрылады

Бүгін, 16:50 / Інжу Әлихан
Фото авторы Жаламан Сұңғат

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры Қанат Тіреуов пен «Кондратов тәжірибелік-көрсетілім орман тәлімбағы» ЖШС Басқарма төрағасы Аслан Сатин ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кондратов тәжірибелік-көрсетілім орман тәлімбағымен ынтымақтастық ҚАТЗУ-да қалыптасып жатқан кеңістіктік-кластерлік даму моделі аясында өңірлік мамандандырылған оқу-ғылыми-өндірістік алаңдарды дамыту мүмкіндігі ретінде қарастырылады.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары орман тұқым шаруашылығын, орманды қалпына келтіруді және заманауи жылыжай технологияларын дамытуға бағытталған.

Мұндай алаңның құрылуы білім беру, ғылым, мамандарды практикалық даярлау, өндірістік сынақтар мен технологиялар трансферін біріктіріп, университет әзірлемелерін саланың нақты қажеттіліктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық аясында орман тәлімбағы базасында ҚАТЗУ-дың бірлескен оқу-ғылыми-өндірістік алаңын құру көзделіп отыр. Ол білім беру үдерісін, студенттердің практикалық даярлығын, ғылыми зерттеулерді, инновациялық технологияларды сынақтан өткізуді және оларды өндіріске енгізуді біріктіреді.

Өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – студенттердің тұқым материалын алу мен дайындаудан бастап, көшет өсіру және орманды қалпына келтіру жұмыстарына қатысуға дейінгі толық практикалық циклден өтуіне жағдай жасау.

Ынтымақтастық аясында:

– орман тәлімбағы базасында ҚАТЗУ-дың Орман зертханасын құру;

– студенттердің оқу, өндірістік және дипломалды практикаларын ұйымдастыру;

– өндірістік нысандарда тәжірибеге бағытталған сабақтар өткізу;

– дуалды оқыту элементтерін дамыту;

– орманды қалпына келтіру, орман өсіру, орман питомнигі шаруашылығы және экология салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;

– тұқымдық және отырғызу материалдарының сапасын зерттеу;

– тұқымдарды сақтау, стратификациялау және дайындау технологияларын зерделеу;

– көшет өсірудің заманауи технологияларын әзірлеу және сынақтан өткізу;

– отырғызу материалдарын өсіру мен мониторинг жүргізудің цифрлық технологияларын енгізу;

– ҚАТЗУ әзірлемелерін орман тәлімбағының өндірістік базасында сынақтан өткізу;

– орман тұқымдарын аудандастыру саласындағы құзыреттерді қалыптастыру жоспарланған.

Сондай-ақ таңдаулы ағаштардың бүрлерін жинауға арналған плантациялар желісін қалыптастыруға, орманды қалпына келтіру жобаларын сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етуге және Қазақстандағы орманды қалпына келтіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми-әдістемелік базаны дамытуға ерекше назар аударылады.

Ынтымақтастықтың практикалық бөлігі ҚАТЗУ студенттері, оқытушылары мен мамандарының орманды қалпына келтіру учаскелеріне тұрақты түрде баруын, орман екпелерінің жай-күйіне бірлескен мониторинг жүргізуді, отырғызу материалдарының жерсіну деңгейін бағалауды және оларды отырғызу мен күтіп-баптаудың заманауи технологияларын жетілдіруді көздейді.

Перспективалы бағыттардың бірі – жабық тамыр жүйесі бар көшеттерді өсіруге арналған өнеркәсіптік жылыжай кешенін құру. Мұндай кешен ғылыми зерттеулер жүргізуге, отырғызу материалдарын өсіру технологияларын жетілдіруге және сонымен қатар заманауи орман және жылыжай шаруашылығы үшін мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Алынған технологиялар мен практикалық тәжірибені тек орман өсіруде ғана емес, ауыл шаруашылығы өндірісінің басқа да бағыттарында қолдануға болады.

Практикалық даярлықты күшейту және орман шаруашылығы мамандықтарын насихаттау мақсатында студенттер мен сала мамандарының қатысуымен ҚАТЗУ-дың Орман көпсайысын өткізу жоспарланып отыр. Бұл формат білім беру мен өндірістік ортаны ұштастырып, практикалық тәжірибе алмасуға және жас мамандардың қажетті кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ҚАТЗУ мен Кондратов тәжірибелік-көрсетілім орман тәлімбағы білікті кадрлар даярлауға, заманауи технологияларды енгізуге және Қазақстандағы орманды қалпына келтіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға ниетті.