Астанада бір донор бірден үш науқасқа өмір сыйлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Донорлық процесс барысында жүрек, өкпе және бауыр алынды. Бұл ағзалар трансплантаттау кезегінде тұрған науқастарға салынды.
Осындай әр жағдайдың артында дәрігерлердің, реаниматологтардың, трансплантологтардың, донорлық үйлестірушілердің, санитариялық авиация мамандарының және басқа да көптеген медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұр.
Алайда ең алдымен, бұл – ең қиын сәтте отбасының қабылдаған шешімі. Денсаулық сақтау министрлігі донордың туыстарына көрсеткен батылдығы мен адамгершілігі үшін шынайы алғысын білдіреді.
Жыл басынан бері Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі 132 әлеуетті донор анықталып, 205 трансплантаттау жасалды.
2025 жылы бұл бағытта айтарлықтай бетбұрыс болды. Бір жылдың ішінде 18 донорлық процесс жүргізілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп. Ал трансплантаттау саны үш есеге жуық артып, 68-ге жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы 19 ағза, 2024 жылы 23 ағза трансплантатталған болатын.
2026 жыл 2025 жылғы нәтиженің бір реттік өсім болмағанын көрсетіп отыр. 11 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 мультиағзалық донорлық процесс жүргізілді. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 42 трансплантаттау жасалды: 14 бүйрек, 9 бауыр, 11 жүрек, 4 өкпе және 4 мөлдір қабық.
Бұл – артында нақты адамдар мен олардың отбасылары тұрған көрсеткіштер. Өмірін өзгерте алатын қоңырауды күн сайын асыға күтетін адамдар.