Алматыда 5 жастағы бала саусағын қақпаға қысып алды. Салдарынан саусағы түбінен жұлынып түскен. Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында оған аса күрделі микрохирургиялық операция жасалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ата-анасының айтуынша, бүлдіршін аулада ойнап жүріп, оң қолының бір саусағын металл қақпаға қысып алған. Салдарынан саусақ түбінен жұлынып түскен. Ата-ана баланы дереу ауруханаға жеткізген.
Кезекші дәрігерлер, микрохирург пен бөлімше жетекшісі консилиум жасап, уақыттың тығыздығына байланысты жедел түрде саусақ тіндерінің қызметін қалпына келтіру отасына кірісті.
№2 БҚКА травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалиннің сөзіне сүйенсек, күрделі операция хирург мамандардан асқан дәлдік пен зергерге тән шеберлікті талап етті.
«Өте күрделі ота жасау қажеттілігі туындады. Себебі операция барысында диаметрі бірнеше миллиметр де болмайтын жүйке талшықтары мен тамырларды жалғап, саусақ пен қолдың қызметін қалпына келтіру керек болды», – дейді Ерлан Садырбалин.
Микроскоппен жасалған ота төрт сағатқа созылды. Зақымданған тамырлар мен жүйке талшықтарын қалпына келтіру үшін микроскопсыз көзге көрінбейтін ерекше жіңішке хирургиялық жіп қолданылды.
Хирург мамандар диаметрі 1 мм аспайтын күретамырды, сіңірлерді, жүйке талшықтары мен тамырларды жалғап, жұлынып кеткен саусақтың қызметін қалпына келтірді.
Аса күрделі ота МӘМС қаражаты есебінен жасалды. Яғни ота толығымен тегін жасалды. Себебі қазақстандық балалар 18 жасқа дейін мемлекет тарапынан сақтандырылады.
№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы директоры Марат Рабандияровтың сөзінше, ота мамандардың кәсіби деңгейі, жедел қимылы мен стационардағы микрохирургиялық технологиялар арқасында сәтті өтті.