Жетісу облысында құмар ойынға бәс тіккен шенеуніктер жұмысынан босатылды

Бүгін, 15:20 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жетісу облысы Көксу ауданының прокуратурасы лудоманияның алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау бағытында талдау жүргізіп, жекелеген мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көрсетілген тұлғалар букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы жүйелі түрде бәс тіккені анықталды.

Ойын шотын толықтырудың жалпы сомасы 7,7 млн теңгеден асты.

Мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделіне нұқсан келтіреді, сонымен қатар қоғам тарапынан сенімнің төмендеуіне, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өсуіне әкеледі.

Енгізілген прокурорлық ден қою актісін қарау нәтижесінде тәртіптік комиссияның шешімімен екі лауазымды тұлға атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Олардың бірі - еңбек өтілі 20 жылдан асатын аудандық бөлімше басшысы.

Жетісу облысының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету, құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу және мемлекеттік қызметтің беделі мен азаматтардың сеніміне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу бойынша шараларды одан әрі жалғастырады.

Тэгтер:

құмар ойын Жетісу облысы Шенеунік бәс тігу