Сакит Мамедов: Суретші өз стилін азаппен, ізденіспен ғана табады

Бүгін, 15:15 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Жуырда Алматыға түркі дүниесінің даңқты перзенті, әлемге әйгілі әзербайжан суретшісі Сакит Мамедов арнайы келіп кетті. Сапар барысында көрнекті ақын, ойшыл және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен кездесіп, екеуара рәуішті әңгіме өткізгенін баспасөз құралдары жарыса жазды. Бұл кездесу екі ел мәдениетіндегі ерекше оқиға десек те болғандай. Атағы алыстарды шарлаған түркінің қос тұлғасының бір-біріне риясыз ілтипаты көпшілікті сүйсінтті.

Сакит Гулам оғлы Мамедов – Әзербайжан Республикасының Халық суретшісі, профессор, ЮНЕСКО Суретшілер одағының, Дүниежүзілік өнер ака­демиясының, Рим заманауи өнер акаде­мия­сының, «Түркі әлемі» өнер академиясының толық мү­шесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары акаде­мия­сының құрметті профессоры, Ватикан гера­ль­дика академиясының графы. 
Оның есім-сойы парасатты өнердің, талмай із­де­ніс пен еңбектің символына айналған. Ол зүбәр­жат тастардың сұлулығы мен сан қырлы таби­ға­ты­нан шабыт алып, сурет өнерінде опализм бағыты­ның бағын ашты. 
Суретшінің «Естелік картина», «Ойын», «Жат­ты­ғу», «Фалабаханлар», «Туған күн», «Ленинград ес­те­ліктері», «Жасасын, Стамбұл!», «Мереке», «Үйлену тойы», «Метро», «№13 автобус», «Әуесқой» және бас­қа да көптеген шығармасы әлемдік кескіндеменің біре­гей жауһарлары саналады. Бұл туындылар қа­зіргі бейнелеу өнерінің ең жарқын үлгілерінің қа­тарына әлдеқашан еніп, кәсіби өнер қауымдас­ты­ғы­ның да, кескіндемені бағалайтын қалың көрер­мен­нің де жоғары бағасына ие болды. Сакит Мамедовтің картиналары Әзербайжан Мемлекеттік бейнелеу өнері му­зейінде, Біріккен Ұлттар Ұйымында, Еуропарламентте, Еуропалық одақта, Ва­тикан музейлерінде, Виндзор қамалында, Париждегі Opera Gallery-де, Galleria d'Arte Mentana галереясында, Түркиядағы Дол­мабахче сарайының галереяларында, Но­бель музейінде, Ресей өнер акаде­мия­сының музейінде, сондай-ақ Испания, Португалия, Италия, Ұлыбритания, Аме­рика Құрама Штаттары және басқа да көп­теген елдің өнер музейлері мен көрме зал­дарында ұсынылған. Оның карти­на­лары патшайым ІІ Елизавета, Моника Беллуччи, Патрисия Каас, Мирей Матье, Ингрид Альберини, Рафаэлло Марти­нет­ти, Ажда Пеккан және басқа да танымал қоғам және мәдениет қайраткерлерінің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Біз суретшіге хабарласып, сұхбат беруін сұраған болатынбыз. Сакит мырза ұсы­нысымызды ырзалықпен қабылдап, қа­зақ халқына дұғай сәлем жолдады. 

Суретші балалық шағымен ешқашан қоштаспайды

– Құрметті Сакит Гулам оғлы, біз­дің газетке сұхбат беруге келіс­ке­ніңіз- ге алғыс айтамыз. Сізді әлемге та­нылған суретші ретінде атыңызға қа­нықпыз. Жуырда Алматыға келіп кет­кеніңізді естіп, іштей қуандық. Қа­зақтың әйгілі ақын, ойшылы Ол­жас Сүлейменовпен кездесіпсіз. Ал­маты қаласы өзіңізге қандай әсер сый­лады? Сапарыңызда ойға алған мақ­сатыңыз орындалды ма? 
– Алматы маған ерекше әсер қал­дыр­ды. Бұл – табиғатының сұлулығынан бө­лек, терең рухани аурасымен де ерек­ше­ленетін қала. Мұнда тарих, заманауи сәу­лет, мәдениет және халық жады ерекше үйлесім тапқан.
Мен үшін Алматыға сапар жай ғана са­яхат болған жоқ. Жалпы, суретші сая­хат­тағанда тек көзімен көрген дүниесіне там­санбай, жанымен саяхаттауға тиіс. Мен әрдайым қаланың көшелері мен сәу­летін ғана емес, ең алдымен оның ішкі бол­мысын тануға тырысамын. Қаланың бол­мысы – оның мәдениетінің айнасы.
Олжас Сүлейменовпен кездесудің мен үшін маңызы ерекше болды.


Ол – мәдениетті жанымен түйсінген, ықы­лым заманнан бүгінге дейінгі таным­ды саралай білген, өнерді рухани күйдің мәйегі деп түсінетін дегдар жан. Мұндай адам­мен әңгімелесу – шығармашылық ада­мына шабыт сыйлайды. Біз мәдениет, халықтар, уақыт және адам жады туралы сөйлестік. Сонда шынайы поэзия мен шы­найы кескіндеменің бір-біріне қан­шалықты жақын екенін тағы бір сезіндім.
Мен Алматыға алдыма белгілі бір мақ­сат қойып бардым, бірақ күткенімнен көп нәрсе алып оралдым – жаңа ой түйдім, ерек­ше әсерге бөлендім және көптеген сауал­дар санама құйылды. Суретші үшін ең қажеті де осы шығар. Өйткені өнер дайын жауаптар аяқталған жерде бас­та­лады.
– Оқырман Сіздің бала кезіңіз туралы білгісі келеді. Қандай ортада өс­тіңіз? Суретші болуыңызға бала кез­дің естеліктерінің ықпалы болды ма?
– Адамның балалық шағы – оның ал­ғашқы мұражайы. Жас кезде көргеніміз, естігеніміз, бастан өткергеніміздің бәрі өзі­міз байқамасақ та, ішімізде сақталып қа­лады.
Мен адамдардың қарым-қатына­сына, үл­кенді құрметтеуге, туған жерге, салт-дәс­түр мен мәдениетке деген сүйіс­пен­ші­лікке ерекше мән беретін орта­да өстім.
Дәл сол кезеңде менің өнердегі басты кейіп­кер – адам мен оның болмысына деген көзқарасым қалыптасты.
Қазір әр картинамды салған сайын суретшінің балалық шағымен ешқашан толық қоштаспайтынын ұға тү­семін. Ол бояудың түсі, иіс, адамның әлпеті, қимыл, пейзаж, музыка арқылы қайта оралады. Менің картиналарымда пайда болатын көптеген бейненің тамыры дәл сол бала күнімде жатыр. Кейде сурет­ші өмір бойы бала кезіндегі өзін тү­сінуге тырысатын сияқты көрінеді.
Сондықтан балалық шақ мен үшін өт­кен кезең емес. Ол – өнерімде өмірін жал­ғастырып жатқан ішкі жадымның бір бөлігі.

Іздендім, қателестім, қайта бастадым

– Бір сұхбатыңызда Бакуде Азим Азим­заде атындағы училищеде, Ле­нинградта Репин атындағы Өнер ака­демиясында оқып жүрген ке­зіңізде музейлерге жиі барып, әлем­дік суретшілердің картиналарымен көп тілдесетініңізді айтыпсыз. Сол кез­де қандай суретшілерден көбірек үй­рендіңіз? Өз стиліңізді табу жо­лын­да қандай жолдарды басып өттіңіз?
– Бакудегі Азим Азимзаде атында­ғы көркемсурет училищесінде, одан кейін И.Репин атындағы Ленинград көркемсурет академиясында оқу ме­нің шығармашылық әлеуетімді аш­қан аса маңызды кезең болды.
Мен көптеген суретшіден тәлім ал­дым, бірақ ешқашан біреудің көшірмесі бол­ғым келген жоқ. Ұлы шеберлер маған ең басты нәрсені – нағыз суретші өз жо­лын өзі іздеуі керек екенін түсіндірді.
Мен үшін мына нәрсені ұғыну ерекше маңызды болды: сурет салу кезінде тех­ника ортақ болуы мүмкін, бірақ сурет­ші­нің жаны, танымы, түйсінуі жеке-дара қалу­ға тиіс.
Өз стилімді табу жолы ұзақ болды. Із­ден­дім, қателестім, қайта бастадым, тап­қанымның өзін бұзып, әрі қарай іздедім. Ме­нің пікірімше, стильді ойлап табуға бол­майды. Оған тек азаппен, еңбекпен жету­ге болады.
Суретші «Қалай жазуым керек?» деген сұ­рауды өзіне қойып, «Мен адамға нақты не айтқым келеді?» деп сұрай бастағанда ға­на өзіндік стилі қалыптасады.
– Ұстазыңыз Евсей Моисеенконың шеберханасынан білім алған кезіңіз туралы айтыңызшы: курстастарыңыз қандай бағытты таңдады? Студент жылдарыңыз қалай өтті? Ол кезде әлемдік сурет өнерінде экспрес­сонис­тердің ықпалы күшті болды ғой. Сізге қай елдің суретшілері көбірек ұнады?
– Евсей Моисеенконың шебер­ха­на­сын­да оқыған жылдар – менің сағыныш­пен, ырзалықпен еске алатын сәттерім. Моисеенко бірегей шебер еді, сондай-ақ ойлы ұстаз бола білді: ол шәкірттеріне өнер жанқиярлықпен ізденгендерге, өмір­дің сан тарау жолдарына терең үңіліп, ең­бек еткендерге ғана бұйыратынын үй­ретті. Ізденіссіз, талпыныссыз асыл өнер есігін ашпайтынын ұқтырды.
Ол кескіндеменің сыртқы әлемді бей­нелеу емес екенін түсінді. Форманың ар жа­ғында – ой, түстің ар жағында – сезім, ком­позицияның ар жағында ішкі мазмұн болуы керек.
Студенттік жылдар орасан зор еңбек ке­зеңі болды. Көп сурет салдық, натураны зерт­тедік, пікір таластырдық, іздендік, қате­лестік. Суретшінің жастық шағы – өзінің кім боларын әлі білмейтін, бірақ өз жолын табуы керек екенін ішкі түйсікпен сезінетін кезеңі.


Ол кезде әлем өнерінде модернизм мен экспрессионизмнің түрлі бағыттары ай­рықша ықпалды болды. Мен жаңа із­деністерге мұқият қарадым, бірақ адам­мен, мәдениетпен және рухани жадымен байланысты сақтап қалу қажет екенін ерте ұқтым.
Маған әрдайым сыртқы форманың ар жа­ғынан адамның ішкі өмірі сезілетін өнер жақын болды.

Өнер кейде сөз жеткізе алмайтын жерде сөйлей алады

– Сіздің картиналарыңыз әлемдік өнер музейлерінде, атақты тұлға­лар­дың жеке коллекциясында сақтаулы. Әлемде суреті ең қымбат кескінде­ме­ші­нің бірісіз. Ұлыбритания патшайы­мы ІІ Ели­заветамен, Рим Папасы ІІ Иоанн Па­велмен кездесіп, оларға өз кар­тиналарыңызды сыйладыңыз. Тіпті Па­паның портретін салған санаулы суретшінің бірісіз. Осы екі кісі­мен кез­десуіңіз Сіздің өміріңізге, шығар­ма­шылығыңызға қандай өз­геріс әкел­ді?
– Патшайым ІІ Елизавета және Рим Па­пасы ІІ Иоанн Павел секілді адамдармен кез­десуім өмірбаянымдағы қатардағы оқи­ға емес, ерекше оқиға деген дұрыс.
Суретші үшін мұндай деңгейдегі адам­дармен кездесу – ең алдымен тарихпен жүздесу.
Мен картиналарымды сыйға тарт­қан­да, тек сыйлық туралы ойлаған жоқпын. Кар­тина мәдениеттің өзін жеткізетін елші іспетті. Онда суретші өзін ғана емес, өзі шық­қан жерді, оның тарихын, дүние­та­ны­мын таныстырады. Өнер кейде сөз жет­кізе алмайтын жерде сөйлей алады.
Картина адамның қай ұлтқа жата­тынын сұрамайды. Ол тікелей оның жанына үн қатады.
Рим Папасының портреті мен үшін ерекше жауапкершілік болды.
Портрет – адамның бет-бейнесін фото секілді көшіріп беру емес. Нағыз порт­рет адамның ішкі болмысын ашуға ұмтылуы керек.
Мұндай кездесулер адамның өмірінде із қалдырады. Бірақ одан да маңыздысы, он­дай сәт суретшіге өз жауапкершілігін тағы бір еске салады.
Егер сенің шығармаңды бүкіл әлем бі­летін адамдардың коллекциясынан көру­ге мүмкіндік туса, өнердің өз дәуіріне де лайық болуы керектігін бұрынғыдан анық түсінесің.
– Сізді өнертанушылар әлемде опа­лизм бағытын қалыптастырған, яғни өзінің дара стилін тапқан сурет­ші ретінде ерекше құрметпен атап өтеді. Бұл бағытқа ұзақ ізденіс арқы­лы келгеніңіз мәлім. Сонау Баку, Ле­нинград кезіндегі ізденістеріңіз ақы­ры тастың (опализм) табиғатын тануға жетелеп келген секілді. «Стиль – ав­тордың өзі» деген байлам бар ғой. Ұзақ уақыт өзіңізді іздеген секілдісіз. Осы бағытты, яғни өзіңізді тапқан кезде қандай сезім кештіңіз? Осы бағытта салған алғашқы картиналарыңыз туралы білгіміз келеді. 
– Мен опализмді жай ғана көркемдік тех­ника деп айтпас едім. Мен үшін бұл – ең әуелі дүниені қабылдаудың белгілі бір тәсілі.
Опалдың таңғаларлық қасиеті бар: оның бір ғана түпкілікті түсі болмайды. Жарық­қа қарай өзгеріп, жаңа реңктерін ашады. Мен осы қасиеттен адам өмірінің терең философиялық метафорасын көр­дім.
Адам да ешқашан бір ғана түспен шек­телмейді. Біз адамның жүзін, іс-әрекетін көреміз, сөзін естиміз. Бірақ оның ар жағында бірден танып-білу мүмкін емес орасан зор ішкі әлем бар.
Сондықтан да болар, опал мен үшін жай материал немесе эстетикалық бейне ғана емес, адам жанының құбыл­малы­лы­ғы­ның символына айналды.
Өз стиліме мен бірден келген жоқпын.
Бұл – ұзақ жылдарға созылған ізде­ніс­тің, күмәннің, тәжірибенің және ішкі күрес­тің нәтижесі.


Суретші өз жолын көп машақатты өткере жүріп тапқанын сезінген шақ­та, қуаныштан гөрі өзін танығандай се­зім кешеді. Бұл бір ғажам сезім... Өмір, қо­ғам, заман, тарих туралы қайта бір ой­ланасың.
Ұзақ жол жүріп келе жатып, кенеттен: «Мен іздеген жол – осы екен» деп түсінген­дей боласың.
Бұл бағыттағы алғашқы жұмыстарым да ізденістің бір бөлігі болды. Мен дәстүрлі кес­кіндеме мәдениетін, Шығыс сим­во­ликасын, адам тағдырын және жарық пен түс­тің ерекше құбылысын өзара ұштас­тыру­ға тырыстым. Уақыт өте келе, бұл ізде­ністер бүгін опализм деп аталып жүр­ген бағытқа айналды.
Мен әрдайым «стиль – суретшінің өзі» деп айтатынмын. Қазір де солай деймін.
Біреудің стилін алып, өзің бола ал­майсың. Тек өзіңді табуың керек.
Маған жаңашылдықтан қорық­пай­тын, сонымен бірге тарихи жадын жо­ғалт­пайтын суретшілер ерекше қызық. Ме­ніңше, жаңашыл болу өз тамырыңнан бас тарту деген сөз емес.
Керісінше, нағыз заманауи суретші өзі­нің қайдан шыққанын білуі керек. Сон­дықтан Түркі әлемі өнер академиясының қызметі мен үшін маңызды. Мен оны жай ғана көркемдік ұйым деп қабылдағанды құптамаймын, мәдениеттер арасындағы диалог кеңістігі деп білемін.
Түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасы орасан зор. Біздің негізгі мін­детіміз – өткенді ғана сақтауға мән бер­мей, болашақты да жасауымыз керек.
Академия түрлі буын мен әр елдің сурет­шілерін біріктіріп, көрмелер, ха­лық­аралық жобалар, шеберлік сабақтары мен мәдени кездесулер ұйымдастырса екен деймін.
Өнер халықтар арасындағы ең мықты көпірлердің біріне айнала алады деп се­не­мін.

Кескіндеме – мәңгілікпен сөйлесудің рухани кілті

– Түркі елдерінің суретшілерінің бү­гінгі бағытын барлап жүресіз бе? Қа­зақ суретшілерінен кімдерді жо­ғары бағалайсыз? Түркі суретшілер ака­демиясының болашақ жоспары қан­дай?
– Түркі әлемі өнер академиясына кел­сек, біздің басты мақсатымыз сурет­ші­лерді жай ғана біріктіру емес.
Біз Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан жә­не басқа да елдердің бір-бірін өнер ар­қы­лы жақынырақ тануына мүмкіндік бере­тін түркі өнерінің біртұтас рухани-мә­дени кеңістігін қалыптастырғымыз ке­леді.
Халықаралық көрмелер, пленэрлер, шығармашылық кездесулер, ака­демиялық конференциялар, жас сурет­шілердің бірлескен жобалары, сондай-ақ түркі әлемі елдері арасында жаңа мәдени байланыс орнату жоспарымызда бар.
Академияның тек іс-шаралар өткізе­тін ұйым болып қалмай, көркемдік жады мен болашақтың тірі орталығына айналғанын қалаймын. Өйткені біздің ортақ тарихымыз, ортақ тамырымыз жә­не ортақ рухани мәдениетіміз бар. Егер бү­гін суретшілер өзара диалог орната алса, өнер аударманы қажет етпейтін тілге айналар еді.
Мен түркі әлеміндегі заманауи көр­кем­дік үдерістерді мұқият бақылап оты­рамын. Бүгінде түркі жұрты елдерінің өне­рі қызық кезеңді бастан өткеріп жа­тыр: суретшілер заманауи тілге, жаңа тех­нологиялар мен формаларға бет бұра оты­рып, өз тарихының, мәдениеті мен ру­хани мұрасының құндылығын тереңі­рек түсіне бастады. Бұл – қуанарлық үрдіс.
Маған ұлттық жадты заманауи өнер­дің әмбебап тілімен ұштастыра алған қа­­зақстандық шеберлердің шығарма­шы­лы­ғы ерекше жақын.


Мен үшін ең маңыздысы – сәнге елік­теу емес, суретшінің өзіндік әлемі мен өзін­дік философиясының болуы.
– Сізден сұхбаттың соңында «Джидыр дюзю» атты картинаңыз туралы сұрағым келеді. Қарабақ кілемі, гүл, атқа мінген халық, поло ойыны – композициясы күрделі суретті патшайым ІІ Елизаветаға сыйлапсыз. Осы картина ойыңызда ұзақ уақыт жүрген секілді. Бұл туын­дыны қашан салдыңыз? Кар­тинаның дүниеге келуіне нендей оқиға себеп болды? 
– «Джидыр дюзю» мен үшін Қарабақ жазығын, ат пен салт аттыларды, гүлдер мен човган ойынын бейнелейтін картина деп айтпас едім.
Бұл картинада мен жады туралы сөй­легім келді.
Қарабақ – территориялық аумақ ғана емес, ол – жады, мәдениет, музыка, поэзия, ат, кілем, гүл және адам тағдыры тоғысқан кеңіс­тік.
Сондықтан «Джидыр дюзю» бейнесі­нің маңызын әсем пейзажбен ғана өлшеу­ге болмайды.
Човган – ежелгі ойын. Бірақ картинада ол уақыт қозғалысының символына ай­налады. Салт атты алға қарай қозғалады, алай­да оның көлеңкесі өткенде қалып қой­ғандай әсер береді.
Ат мен үшін – еркіндік, қадір-қасиет жә­не күштің белгісі. Жазық – мәңгілік. Гүл – адам өмірінің нәзіктігі. Ал осының ара­сындағы адам – бұл дүниеге қысқа уа­қыт­қа келіп, артында өз жадын қалдыратын тіршілік иесі.
«Джидыр дюзю» атауы менің жадымда және халқымның жадында өмір сүретін әлеммен байланысты.
Меніңше, суретші кейде картинаны қолына қылқалам алған сәтте ғана жаз­байды, кейбір картиналар оның ішінде жылдар бойы өмір сүруі мүмкін.
«Джидыр дюзю» – дәл сондай шы­ғарма.
Оны жазған кезде мен Қарабақтың сұлу­лығын ғана бейнелеп қоймай, оның жанын да жеткізгім келді. Сондықтан кар­тинада қозғалыс пен тыныштық, өт­кен мен бүгін, адам мен мәңгілік қатар өмір сүреді.
Бұл картинаның патшайым ІІ Елизаветаның қолына тигені мен үшін ерекше оқиға болды. Өйткені картинамен бір­ге басқа бір мәдени әлемге менің Отаныма тиесілі шағын ғана бөлшек те жол тартты.
Мен әрдайым суретші картина салу­мен ғана шектелмеуі керек деп есептедім.
Ол өз дәуірінің куәсін қалдыруға тиіс.
Мен үшін кескіндеме – мәңгілікпен сөйлесудің рухани кілті.
Ал суретші – белгілі бір уақытқа қыл­қа­лам ұстау сеніп тапсырылған адам ғана.
Ең ұлы суретші – Жаратушы.
– Толғамды әңгімеңізге көп рақ­мет!

Сұхбаттасқан 
Т.Таңжарық