Энрике Иглесиас Қазақстанға алғыс айтты: Шетелдік әншілердің концерті ел туризміне қалай әсер етеді?

Бүгін, 13:00 / Інжу Әлихан
Enrique Iglesias Press office

Әйгілі әнші Энрике Иглесиас Астана мен Алматыда өткен концерттерінен кейін Instagram желісіндегі жеке парақшасында Қазақстанға алғысын білдірді. Оның алдында ол Алматы сахнасында да танымал әнін орындап болған соң көпшілік алдына тізе бүгіп, жиналған қауымға жылы ықыласы мен қолдауы үшін алғысын жеткізген-тін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жалпы, кейінгі кезде Қазақстанда халықаралық деңгейдегі концерттер мен спорттық шаралардың саны артып келеді. Бұл үрдіс елдің мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, ішкі туризм мен қызмет көрсету нарығына да жаңа мүмкіндік қалыптастыратыны айтпаса да түсінікті. Алматының өзі ірі музыкалық іс-шараларды өткізетін негізгі орталықтардың біріне айналды. 2025 жылы қалада шетелдік әртістердің 49 концерті өткен. Ал Mastercard дерегінше, былтыр қалада 10-нан астам халықаралық деңгейдегі ірі іс-шара өтті.

Мұндай іс-шаралардың ел экономикасына да әсері бар. Мысалы, Mastercard мәліметінше, «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде шетелдік карталар бойынша шығындар 16 пайызға, ал Дженифер Лопес концерті кезінде 11 пайызға өскен. Backstreet Boys концерті кезінде бұл көрсеткіш 3 пайыз болды.

Дженифер Лопестің Алматыдағы концертін 27 мыңнан адам тамашалаған, оның шамамен 7 мыңы 35 елден келген шетелдік қонақтар болды. Mastercard есебіне сәйкес, шетелдік туристердің концерт кезеңіндегі шығыны 5 млрд теңгеден асқан.

Бұл үрдістің тағы бір дәлелі – Алматыда өткен Канье Уэсттің концерті. 31 мың көрермен жиналған шараға 50-ден астам елден 7 700 турист келген. Оның 2 мыңға жуығы концертке арнайы келген шетелдік жанкүйерлер. 13-16 тамыз аралығында қонақүйлердің орташа толымдылығы 98 пайызға жуықтап, туристер ағынының қала экономикасына әсері шамамен 5 млрд теңгені құрады.

Яғни әлемдік деңгейдегі концерттер мен спорттық жарыстар көрермен жинаумен шектелмейді. Олар туристерді тартып, қонақүй, мейрамхана, сауда және көлік салаларының кірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Мұны Астанадағы Энрике Иглесиастың концертінен кейінгі көріністен де байқауға болады. Жастардың бір бөлігі концерт аяқталған соң стадион аумағында қалып, қоқысты жинауға көмектесті. Осындай қарапайым әрекеттердің өзі шетелдік қонақтар мен әртістердің ел туралы әсерін қалыптастырады.

Сондықтан Энрике Иглесиастың «Қазақстан, мен сені жақсы көремін!» деген сөзі – жай ғана концерттен кейінгі жылы лебіз емес. Бұл – Қазақстанның әлемдік деңгейдегі іс-шараларды қабылдай алатын, ұйымдастыру мәдениеті қалыптасқан әрі көрермен мәдениеті жоғары ел ретінде танылып келе жатқанының шағын, бірақ маңызды белгісі.

Қорыта айтқанда, әлемдік жұлдыздардың Қазақстанда өнер көрсетуі елдің мәдени беделін арттырып қана қоймай, туризм мен қызмет көрсету салаларына да жаңа мүмкіндік ашып отыр. Ірі концерттер мен халықаралық шаралар шетелдік қонақтардың қызығушылығын арттырып, олардың елде көбірек уақыт өткізуіне және шығын көлемінің өсуіне ықпал етеді.

Энрике Иглесиастың Қазақстандағы концерттері де – осы үрдістің жалғасы. Мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өтуі Қазақстанның халықаралық концерттік картадағы орнын нығайтып, елді мәдени және оқиғалық туризм үшін тартымды бағыттардың біріне айналдыра алады.