Қыркүйектің 2-3-і күндері Ташкент қаласы мен Ташкент облысында «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» форумы өтті. Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Бірінші түркология конгресінің 100 жылдығына (Баку, 1926 жыл) және ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидің туғанына 585 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл форумды Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектептегі білім беру министрлігі, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі, Ташкент облысының әкімдігі, Өзбекстан мен Қазақстан Жазушылар одақтары және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры ұйымдастырды. Айта кету керек, бұл – тәуелсіздік алғалы бері қазақ, өзбек қаламгерлерінің басын қосқан тұңғыш форум.
Қараманастағы салтанат
Кейінгі жылдарда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас барынша нығайып келеді. Бұл мәселеге екі ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев ерекше назар аударып отыр.
Жақында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ташкент облысы Бостандық ауданындағы Қараманас ауылында орналасқан №34 мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург Рахметолла Райымқұловтың есімі берілгені туралы хабар тараған болатын. Бұл сүйінші-хабарға жұртшылық ерекше елең ете қалды. Өйткені Өзбекстанда мектептерге кісі аты тек ерекше жағдайда, ел Президентінің шешімімен ғана беріледі. Демек, бұл – кіндік қаны Қараманаста тамған Рахметолла Райымқұловтың аруағына ғана емес, күллі қазақ қаламгерлеріне көрсетілген құрмет!
Иә, Рахметолла ағаның дүниеге келген ауылы – осы Қараманас. Болашақ жазушы дәл осы ауылда төрт сыныптық білім алған. Сосын білімін жетілдіру мақсатымен іргедегі Тәшкен шәріне жалаңаяқ, жаяу тартқан. Сондағы Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түскен. Оны тәмамдап, Жоғары Шыршық ауданында өзі оқыған мектепте мұғалім болған. Аудандық «Алға» газетінде редактор болып та қызмет етіпті. 1935-1936 жылдары Ташкенттегі пединститутта оқып, 1937 жылы Алматыдағы Қазақ Коммунистік Журналистика институтына ауысады. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Қалижан Бекхожиндердің дәрісін тыңдайды.
Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, 1946 жылы бір-ақ оралған, іргелі басылымдардың бәрінде жұмыс істеп жүріп, артында «Уәде», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Өліммен беттескенде», «Балдақты адам», «Бұрылыстар», «Қыз-айна», «Болаттың сынығы», «Көкжал», «Қара жорға», секілді сүбелі дүниелерге қоса, өзбек, тәжік, ұйғыр, латыш әдебиетінен аударма жасап қалдырған қаламгерге кейінгі буынның да құрметі бөлек болғаны аңғарылады. Мысалы, көп адамға көңілі тола бермейтін Мұхтар Мағауин: «Рахметолла Райымқұлов ұлттық таным, ұлттық сипат тұрғысынан қалыптасқан жазушы болатын. Ұлттық санасы жоғары, шұрайлы қазақ тілін бойына сіңіріп өскен қаламгер еді», – десе, Қабдеш Жұмаділов: «Рахметолла ағамыз аса мейірімді, жүрегі жұмсақ, кішіпейіл жан еді. Ал әдебиеттегі ұстанымдарға келгенде олай деп айта алмайсың, бұл жағына мейлінше қатал, өз пікірінен қайтпайтын-ды» деп баға береді. Осы екі қаламгердің тұжырымынан-ақ, Рахметолла Райымқұловтың қандай адам, қандай жазушы болғаны аңғарылады.
...Қыркүйектің 1-і – Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Сондықтан мұнда оқу жылы 2 қыркүйектен басталады. Қараманастағы №34-мектептегі биылғы көңіл күй мүлде бөлек. Мектеп сыңғырлап тұр. Жөндеу жұмыстары тура мерекелік іс-шараға дейін жасалыпты. Ауыл адамдарының бәрі дерлік келген. Енді ше, «өшкен жанды, өлген тірілді» деп осындайда айтса керек.
Салтанатты жиын Өзбекстан және Қазақстан Республикалары Президенттерінің құттықтауымен ашылды. Оны екі ел Президенттерінің кеңесшілері Хайриддин Сұлтанов пен Мәлік Отарбаев жеткізді. Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектептегі білім беру министрі Эъзозхон Каримова мұғалімдер мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, келген қонақтарға білім беру саласындағы жаңалықтарды таныстырды. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов жиналғандарды Өзбекстанның Тәуелсіздік және Білім күнімен құттықтады. Өзбек бауырлардың осы іс-шараға тыңғылықты әзірленгенін айта келіп, осының бәрі екі ел Президенттерінің бастамасымен болып жатқанын тілге тиек етті. Өзбекстан мен Қазақстан Жазушылар одағының басшылары Сироджиддин Сайид пен Мереке Құлкенов екі елдің арасындағы үзіліп қалған әдеби байланыстарды нығайту керектігіне тоқталды. «Қазақ пен өзбек – тағдыры тамырлас, тарихы сабақтас, салт-дәстүрі мен рухани дүниесі жақын халықтар. Біздің әдебиетіміздің де ортақ арналарға тоғысатын тұстары мол. Әлішер Науаи мен Абайдан бастау алатын рухани үндестік кейін Мұхтар Әуезов, Айбек, Ғафур Ғұлам, Сәбит Мұқанов, Міртемір, Зульфия сынды алыптардың шығармашылық қарым-қатынасы арқылы жалғасты. Осы ізгі дәстүрдің жалғасуына Рахметолла Райымқұлов та өзіндік үлесін қосты. Сондықтан бүгін оның есімі беріліп отырған мектепті Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени және рухани бірліктің символы деп қабылдауымызға толық негіз бар», – деді Мереке Әбдешұлы.
Қаламгердің перзенті, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова әкесін ерекше толғанып еске алды: «Біздің Алматыдағы шағын ғана екі бөлмелі пәтерімізден кезінде адам үзілмейтін. Ауылдан оқуға келген қаншама жас сол үйді паналады. Кейде қатар-қатар жатып шығатынбыз. Әкем олардың «руың кім?», «кімнің баласысың?» деп жөн сұрап жатпайтын. «Бостандықтан келдім» десе, сол жеткілікті еді.
Ол жылдары Алматыға келіп, үлкен қалада орнығып кету оңай емес болатын. Бірі жатақхана іздейді, бірі пәтер жалдайды, енді бірі жұмыс пен баспананың қамымен жүреді. Сондай кезде біздің үй талай жасқа уақытша болса да пана болды. Сол жастардың арасында кейін елге танылған, қоғамға қызмет еткен азаматтар да аз болған жоқ.
Арада ондаған жыл өтсе де, кездескен сайын: «Әкең мен анаңның үйінде жатып, Алматыда аяққа тұрдық», – деп ата-анамды ерекше ықыласпен еске алып отырады. Осындай сәттерде ойлаймын: Бәлкім, әкеден қалған ең қымбат мұраның бірі осы шығар…» – дей келе, ол әкесінің есімін туған жерінде ұлықтауға мүмкіндік жасаған Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке өз отбасының атынан айрықша ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Үкіметіне, Ташкент облысының басшылығына, білім және мәдениет саласының өкілдеріне, Қараманас ауылының ақсақалдары мен тұрғындарына, мектеп ұжымына және осы игі істің жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтты.
Салтанатты іс-шарадан соң мектепті аралап көрдік. Мектеп оқушылары қолын кеуделеріне қойып, қазақ, өзбек тілдерінде амандасады. Екі тілге бірдей жүйрік. Абай мен Науаи есімін қатар құрмет тұтады.
Содан кейін мектептегі Ақтоты Райымқұлованың бастамасымен жасақталған заманауи кітапхана-музейдің ашылуы болды.
Кітапхана-музейде жазушының шығармашылық мұрасы, өмір жолы мен әдеби қызметіне қатысты құнды деректер, кітаптар, қолжазбалар, фотосуреттер және тарихи-мәдени материалдар жинақталған. Мектеп кітапханасының кітап қоры – 4 мың данаға жуық! Кітапхананы заманауи талаптарға сай автоматтандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, электрондық каталог жасақталып, кітап қоры электрондық базаға енгізіліпті. Өзбекстан Республикасының Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапханасы мен Өзбекстан Республикасының республикалық Балалар кітапханасының электрондық ресурстары мен кітапхана қорларын ашық пайдалануға мүмкіндік жасалған. Қазақстаннан арнайы барып, осы жұмыстарды реттеген Қазақ ұлттық хореография академиясының кітапхана басшысы Ұлбосын Айымбетованың еңбегі орасан зор.
Осы арада Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапхана мен республикалық балалар кітапханасы ауылдық мектептер үшін өздерінің электрондық кітапханалық ресурстары мен ақпараттық қорларын ашық пайдалануға алғаш рет мүмкіндік туғызып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл да кітапхана-музейді өзгелерден иықты етіп көрсететін жаңалық.
Іс-шара барысында мектеп кітапханасының қорына Қазақстан Жазушылар одағы – 200 кітап, Өзбекстан Жазушылар одағы – 300 кітап, Алматы облысы – 100-ден астам кітап, Түркістан облысы 100-ге жуық кітап тарту еткені айтылды.
Рахметолла Райымқұлов – көзі тірісінде қазақ пен өзбек әдебиетін барынша жақындастыруға ықпал еткен тұлға. Дүниеден озғасын да есімі сол мақсатқа қызмет етіп жатыр. «Жақсыдан шарапат» дейді ғой, ауылдастары да көрнекті жазушының арқасында бір сілкініп қалды. Мұндай бай кітапхана-музей бұл өлкеден әлі талай дарынның қанат қағуына септігін тигізері анық. Ал жазушы есімін иеленген мектеп қазақ пен өзбек байланысының алтын көпірі болмақ. Лайым, солай болғай!
Жазушылар одағындағы жиын
Қазақстанда Жазушылар одағының әдемі, дербес ғимараты бар екені аян. Соған көзіміз үйренгені сондай, барлық республикалардағы Жазушылар одағы солай жайғасқан сияқты көрінетін. Олай емес екен. Мысалы, Өзбекстанның Жазушылар одағы 2018 жылға дейін әлдебір министрліктің ғимаратын жалға алып келіпті.
Шавкат Мирзиёев ел тізгінін қолға алғаннан кейін бұл мәселеге бірден назар аударған. Сосын Ұлттық саябақтың ортасынан ойып тұрып екі қабатты, салтанатты ғимарат салып берген. Ішінде Әдебиет музейі де жайғасыпты. Онда өзбек әдебиетінің өткен тарихына қатысты дүниелер топтастырылған. Сондай-ақ Ұлттық саябақ ішінде Әлішер Науаи бастаған өзбек әдебиетінің жиырма бес алыбының ескерткіші қойылған. Әрбір ескерткіш – өзгеше бір әлем. Біріне бірі ұқсамайды. Айбарлы. Айдынды. Еріксіз назар аудартады. Ұлттық саябаққа келген адамның көзі бірден соларға түседі. Кім екеніне үңіледі. Жас ұрпақ қалам иесінің жай қағаз шимайлаушы емес, мемлекеттің бір тірегі екенін ұғынады. Сосын да қаламгер қауымға құрметпен қарайды.
3 қыркүйек күні Ташкенттегі Жазушылар одағының ғимаратында өткен «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» форумының салтанатты ашылуы мен пленарлық отырысының алдында жиналғандар әуелі Әлішер Науаи ескерткішіне гүл қойды. Содан соң аяңдап Жазушылар одағының ғимаратына келдік. Жан-жағыңда әлгі алыптардың ескерткіші менмұндалайды. Ташкент шәрінің тарихына арналған музей де осында орналасыпты.
Жазушылар үйінің алаңында «Әдеби достық – мәңгілік достық» тақырыбында кітап көрмесі және Бірінші Баку түркология конгресінің 100 жылдығына арналған архив материалдарының көрмесі ұйымдастырылған.
Пленарлық отырысты Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сироджиддин Сайид жүргізді. Ол бұл форумның орны бөлек екенін айта отырып, меймандарға: «Қош келдіңіздер!» – деді. Алғашқы сөз белгілі жазушы, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Сұлтановқа берілді. Ол өзбек Президенті Шавкат Мирзиёевтің құттықтауын жеткізді. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арналған лебізін оның кеңесшісі, белгілі жазушы Мәлік Отарбаев оқығанда жиналғандар орындарынан тұрып, құрмет көрсетті. Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков екі елдің арасындағы мәдени байланыстарды нығайту керектігіне тоқталды. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов өз сөзінде екі ел Президенттерінің арасындағы ерекше жылы қарым-қатынастың арқасында көп дүние жасалып жатқанын, соның бірі – осы I форум екенін атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің сөзін жиналғандар ерекше ықыласпен тыңдады.
– 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық конгреске биыл 100 жыл толып отыр. Осыдан бір ғасыр бұрын түркі дүниесінің ғалымдары тіл, әдебиет, мәдениет және руханият мәселелерін ортақ деңгейде талқылау үшін бас қосты. Бұл жиын түркі халықтарының ғылыми және мәдени байланыстарының тарихындағы аса маңызды белестердің бірі болды. Бүгін, жүз жылдан кейін, біз сол тарихи дәстүрді жаңа мазмұнда жалғастырып отырмыз. Бұрын ғалымдар түркі халықтарының тілдік және ғылыми ортақтығын талқыласа, бүгін біз сол ортақ рухани кеңістікті әдебиет арқылы одан әрі кеңейтуге ұмтылып отырмыз, – деген ол түркі әлемінің ортақ тұлғасы Әлішер Науаи тұлғасына ерекше тоқталып, оның есімі қазақ әдебиеті үшін де ерекше қастерлі екенін жеткізді. Қазақ-өзбек әдеби байланыстарын жаңа деңгейге көтеру үшін нақты жаңа жобалар жасау керектігін айтты.
– Алдағы уақытта екі ел классиктері мен қазіргі қаламгерлерінің шығармаларын өзара аударып, басып шығару, ортақ антологиялар мен әдеби жобаларды жүзеге асыру, әдеби кештер мен форумдар ұйымдастыру, шығармашылық делегациялар алмасу, жас ақын-жазушыларды қолдау, әдеби басылымдар арасындағы тұрақты байланысты күшейту – біздің ортақ міндетіміз болуға тиіс, – деді М.Құлкенов.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясындағы «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы да қазақ және өзбек әдебиетінің көрнекті өкілдерін кеңінен танытып, ортақ әдеби-мәдени кеңістігімізді нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Өзбек топырағында туып, қазақ әдебиетінің бір-бір алтын уығына айналған тұлғалар баршылық. Солардың қатарында небары 30 жыл өмір сүріп, артында өшпес із қалдырған аса талантты ақын Төлеген Айбергенов пен қазақ әдебиетінің классигіне айналып үлгерген Есенғали Раушанов бар. Есенғали Раушановтың «Біз Гагарин қаласынанбыз» атты поэмасы осы өзбек топырағында туған. Келер жылы Төлеген Айбергеновтің туғанына – 90, Есенғали Раушановтың туғанына 70 жыл толады. Мереке Әбдешұлы осы мерейтойларды екі ел көлемінде кеңінен атап өтуді ұсынды.
– Бұл мерейтойлар әдеби кештермен, ғылыми конференциялармен, поэзия күндерімен ғана шектелмей, олардың шығармаларын қайта басып шығару, өзара аудару, туған жерлерінде және Қазақстанның ірі мәдени орталықтарында тағылымды шаралар ұйымдастыру арқылы жалғасын тапса, екі халықтың рухани байланысын бұрынғыдан да тереңдете түсер еді, – деді ол.
Сонымен бірге Өзбекстанда туып, біршама қазақ ақындарының шығармашылығына ерекше әсер еткен Өмірзақ Қожамұратовтың да есімі құрметпен еске алынды. Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің Бас директоры Абдусаид Көчимов те екі ел әдеби байланысын нығайту туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Ал Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова форум жұмысына сәттілік тілей отырып, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Сұлтановқа, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбековке, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сироджиддин Саййидке және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке қордың «Түркі мәдениеті және мұрасының амбассадоры» (Ambassador of the Turkic Culture and Heritage) құрметті атағын табыс етті.
Өзбек бауырлар белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбектің, жас қаламгер Қанат Алтынбектің де сөздерін ықыластана тыңдады.
Түстен кейін «Өзбекстан мен Қазақстанның әдеби диалогы: ортақ мұра, заманауилық және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты тақырыпен сессия өтті. Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары Минхожиддин Мирзо жүргізген сессия барысында екі ел әдебиеті арасындағы тарихи және қазіргі байланыстар, ортақ әдеби мұра, шығармашылық ынтымақтастық және өзара аударма мәселелері талқыланды.
Форум соңында екі елдің шығармашылық өкілдері, ғалымдары, аудармашылары мен мәдениет мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, әдеби шығармаларды өзара аударуды кеңейту, бірлескен баспа жобаларын жүзеге асыру, жас шығармашылық иелерін қолдау және әдеби мұраны цифрландыру сияқты маңызды міндеттер белгіленген Ташкент декларациясы қабылданды. Оған Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одағы басшылары, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қол қойды.
«Ислам өркениеті» орталығында
Ташкент көшелерін аралап жүріп байқағанымыз – көрші ел дамудың даңғыл жолына түсіпті. Қала алып құрылыс алаңына айналған. Сосын ұлттық стильді мейлінше сақтайды. Жастары емін-еркін. Азат елдің ұландары екені жүздерінен байқалып тұрады. Ғылым мен білімге ден қойған. Тарихына құрметпен қарайды. Президенттерін де ерекше құрмет тұтады. Оның есімін атар алдында міндетті түрде «Біздің құрметті Президентіміз!» деген сөзді қосады.
Ташкенттегі «Ислам өркениеті» орталығы – өзбек астанасына келген кез келген туристің назарын аударатын орын. Ел Президенті Шавкат Мирзиёевтің тікелей бастамасымен салынған бұл кешен Гиннестің рекордтар кітабына енген. Шамамен 10 гектар аумақты алып жатыр. Жалпы ауданы – 50 мың метр. Ғимараттың ортасында биіктігі 65 метр болатын алып күмбез орналасқан. Орталыққа төрт жағындағы төрт қақпа арқылы кіре аласыз. Әр қақпа 34 метрлік мұнара ретінде бой түзепті. Бас қақпа Самарқандағы атақты Ұлықбек медіресесінің жобасымен салынған.
Орталыққа кірген адам бай өзбек тарихының тамырына үңіле алады. Самарқан, Бұқара, Хиуа сияқты сияқты даңқты қалалардың тарихы салтанатты түрде баян етіледі. Ибн Сина, әл-Хорезми, әл-Бируни, әл-Фараби секілді ұлы ойшылдардың өмір жолы да санаңды баурайды.
Қасиетті Османлы Құранының түпнұсқасы да осында сақталған. Сүрелер бойынша орналасқан 114 ежелгі кітап та назарыңды аударады.
Жалпы орталық жұмысын насихаттауда жаңа технология мейлінше пайдаланылады екен. Сыртқа шыққан соң бізге сол орталықтың ғимаратының қабырғасын экранға айналдырып, өзбек тарихын кезең-кезеңге бөліп көрсетті. Өзбек елінің әр пұшпағынан шыққан тұлғалар ұлықталып, шаһарлар тарихы көрсетілетін бейнефильм санаңды сілкіп-сілкіп алады. Мұны көрген өзбектің ұланы өзінің өзбек боп туғанына мақтанары хақ.
Жалпы, осы сапарда екі ел қаламгерлерінің бір-бірін сағынысып қалғаны байқалды. «Біз осы кездесуді 35 жыл күттік», – деді Мереке Құлкенов бір сөзінде. Рас! Мінеки, алғашқы қадам жасалды. Енді сол қадам даңғыл жолға айналады деп сенеміз.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
Астана – Ташкент – Астана