Сағынышын әнге айналдырған

Бүгін, 14:45 / Túrkistan Gazeti

Жуырда Түркия қазақтарының белгілі өнерпазы, әнші, сазгер, домбырашы және мәдениет жанашыры Бешір Ахмет Көсе 71 жасында дүниеден өтті. Оның өмірден өтуі Түркиядағы қазақ қауымы үшін ғана емес, шетелдегі қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосқан азаматтарды қадірлейтін барша жұрт үшін орны толмас қаза болды.

«Дос-Мұқасаннан» басталған байланыс

Бешір Ахмет Көсе жарты ғасырға жуық уақыт бойы Түркиядағы қазақтың әні мен домбырасын, салт-дәстүрі мен ұлттық мә­дениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жо­лында аянбай еңбек етті. Ол кәсіби му­зы­ка­лық білім алмаса да, табиғи талантының, ұлт­тық өнерге деген сүйіспеншілігінің және та­банды еңбегінің арқасында Түркия қа­зақ­тарының белгілі өнерпаздарының біріне ай­налды.
Бешір Ахмет Көсе 1955 жылы Түркияның Маниса облысына қарасты Салихли қала­сын­да дүниеге келді. Оның отбасының та­рихы ХХ ғасырдағы қазақ халқының ба­сы­нан өткерген ең ауыр көші-қон кезеңдерімен тіке­лей байланысты. Әкесі Ояқия қажы – Шы­ғыс Түркістанның Баркөл өңірінің тума­сы. Қудалаудан туған жерін тастауға мәжбүр бол­ған оның отбасы қазақ көшіне ілесіп, Так­ламакан шөлінен өтіп, Гималайды асып, Үн­дістанға жетті. Кейін Пәкістанға табан ті­реп, ақыр соңында 1950 жылдардың ба­сын­­да Түркияға қоныс аударды. Түркия алыстан келген қазақтарға құшағын жайып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік берді. Ыстан­бұлға жеткен көштің бір бөлігі кейін Салих­ли­ге қоныстанды. Бешір Көсе осындай тағ­дырлы көшті бастан өткерген әулеттің Түр­­­кияда дүниеге келген ұрпағы еді. Ол қа­зақ мектебінде оқымады. Консерваторияда бі­лім алмады. Ол жылдары Түркияда қазақ му­зыкасын немесе домбыраны арнайы үйре­те­тін оқу орны да жоқ еді. Соған қарамастан, Бешір өз бетімен домбыра үйреніп, қазақ ән­дерін орындаушы ғана емес, кейін өз ән­дерін шығарған сазгер дәрежесіне жетті.
Бешір Көсенің өнер жолындағы айтулы жыл – 1977 жыл. Сол жылы әйгілі «Дос-Мұ­қа­сан» ансамблі Измир қаласында өткен ха­лықаралық жәрмеңкеге қатысқан-тын. Ол кез­де 22 жастағы Бешір жаңа үйленген еді. Жұбайы Бағиламен бал айын да осы сапар­мен ұштастырып, Измирге барып, «Дос-Мұ­қа­санның» өнерін тамашалайды. Ансамбль орын­даған «Той жыры» жас Бешірге ерекше әсер етеді. Кейін ол «Жұлдызым», «Қамажай», «Базар-Назар», «Жеңеше-ай» секілді әндерді ай­лар бойы қайта-қайта тыңдап, жаттап ала­ды. Бешір Көсе кейін бұл оқиғаны еске алып, «Той жырын» өзінің үйленген кезіне тап келген «шашу ән» ретінде қабылдағанын айт­қаны есімде.
Бұл кездесудің маңызы музыкамен ғана шек­телген жоқ. Ол кезде Түркияда дүниеге кел­ген қазақ жастарының ана тілін меңгеру мүм­кіндігі шектеулі еді. Қазақстаннан жет­кен әндерді тыңдау Бешірдің қазақ тілін те­реңірек үйренуіне де ықпал етті.


Келесі мақсаты – домбыра шерту еді. Ол ке­зде Түркияда ұлттық аспапты табу қиын бо­латын. Ақыры туысының ескі домбырасын кө­ріп, сұрап алады. Оған домбыраны ешкім арнайы үйреткен жоқ. Таңертең ерте тұрып, үй­дегілерді оятып алмау үшін басқа бөлмеге кіріп, 1-2 сағат жаттығатын. Кешке жұмыс­тан келгеннен кейін домбырасын қайта қол­ға алатын. Бірнеше жылдың ішінде «Жұл­дызым», «Базар-Назар», «Қамажай» секілді ән­дерді домбырамен орындауды меңгерді. Кейін Әбдуғани Мәкин және Зейнел Өзкалп секілді өнерлі қазақ жастарымен бас қосып, Түр­кия қазақтарының тойлары мен шіл­де­ханаларында домбыра тартып, ән айта бас­тады. Ол кезде Ыстанбұлда домбыра тар­та­тын қазақ жастары аз еді. Сондықтан олар­дың өнеріне, әсіресе аға буын өкілдері ерек­ше ықылас танытты.

Шілдеханада үлкендерді жылатты

Бешір Көсенің өмір жолы туралы сөз қоз­ғағанда, оның жары Бағила Балапан­қы­зын да ерекше атап өткен жөн. Бағила Бе­шір­дің ұзақ жылдық өмірлік серігі ғана емес, оның өнерге деген құштарлығын түсініп, қол­дап отырған жан еді. 
Бағила ханым да Түркия қазақтары ара­сын­да ақылдылығы, кішіпейілдігі, мейірім­ділі­гі мен қонақжайлығымен сый-құрметке бө­ленген жан еді. Көпшілік оны ағайын-туыс пен дос-жаранға есігі әрдайым ашық, қо­лы­нан келген көмегін аямайтын кеңпейіл адам ретінде жақсы таниды. Бешір Көсенің шаңырағы жылдар бойы өнер адамдары мен Қазақстаннан келген қонақтар бас қосатын жылы ортаға айналды. 
Бешір Көсенің шығармашылық мұра­сында «Алтай тауым» әнінің орны айрықша. Бұл әннің дүниеге келу тарихы Түркия қа­зақ­тарының тағдырымен тікелей сабақтасып жа­тыр. Бешір бала күнінен үлкендердің Ал­тайды сағынышпен еске алған әңгімелерін тың­дап өсті. Әкесі Ояқия қажы да туған жері Алтай туралы жиі айтатын. Туған жерінен мың­даған шақырымға алыстауға мәжбүр болған қазақтар Алтай жерін ерекше сағы­ныш­пен еске алатын. Бешірдің өзі Алтайда ту­ған жоқ. Десе де, ол әке-шешесінің, олар­мен қатарлас аға буынның атамекенге са­ғы­ны­шын әнге айналдыруға бел буды. Сөйтіп, ол сөзі мен әуенін өзі жазған «Алтай тауым» әнін жарыққа шығарды. 
Бешір «Алтай тауым» әнін алғаш рет Ал­тай­дан келген қариялар отырған бір шілде­ха­­нада оларға арнап ән шығарғанын айтып, орындады. Ән аяқталғанда қариялардың кө­бі көздеріне жас алып, Бешірді құшақтады. Сол кеште әнді 5-6 рет қайталап орындатты. Осы­лайша, Алтайды көрмей өссе де, қария­лардың жүрегінде жарты ғасырға жуық сақ­талған сағынышты қайта оятты. Сондықтан «Алтай тауым» бір сазгердің туған жер тура­лы әні ғана емес. Ол – Алтайдан Анадо­лыға көшкен қазақтардың тарихи жадын кейінгі ұрпаққа жеткізген сазды естелік. Кейін Бешір Көсе «Көктем», «Мен шетелдегі қазақтың ба­ла­сы», «Жалғыз көңілім», «Жаным, гүлім, ма­ралым» секілді басқа да әндер шығарды.


Бешір Көсе үшін уақыт өте келе домбыра тарту жеке қызығушылықтан ұлттық мін­детке айналды. Тіршілік қамымен Сауд Ара­биясында жұмыс істеген, кейін саудамен айналысқан жылдары өнерден біраз уақыт қол үзіп қалды. Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін 1993 жылы алғаш рет атамекенге барды. Қазақстанға жасаған сапарлары оның қазақ музыкасына қызығушылығын қайта жандандырды. Түркияға оралған соң дом­быра үйретуді қайта қолға алуының тағы бір себебі болды – ол Түркияда домбыра тарта­тын қазақ жастарының азайып бара жат­қа­нына алаңдады. Сол себептен де ол достары­мен бірге «Замандас» тобын құрып, 10 жыл­­дан астам уақыт бойы қазақтардың той­ларында, шілдеханаларында және мә­дени шараларында өнер көрсетті. 2009 жыл­дан кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Ха­лықаралық қазақ-түрік университетінің бітірг­ен Седат Солахоғлымен бірге балаларға дом­быра үйрете бастады. Мұның нәтижесін­де 20-ға жуық бала домбыраны шебер тарту­ды үйренді. 

Түркия қазақтарының тойы Бешірсіз өтпейтін

Бешір Көсе қазақ ұйымдарының мәдени жұмысына белсене араласып, Наурыз мере­келерін, концерттер мен Қазақстаннан кел­ген өнерпаздардың қатысуымен түрлі мә­дени кештер ұйымдастырды. Түркия қазақ­тарының тойлары Бешірсіз өтпейтін десек, артық айтқандық емес. Домбырасын қолына алып, ән бастағанда тойға ерекше ұлттық реңк беретін. Әсіресе, беташарды ерекше шеберлікпен орындайтын. Шетелде бірнеше ұрпақ өмір сүрген қазақ қауымында кейбір ұлттық дәстүрлердің көмескіленуі түсінікті жағдай еді. Бешір сол ұмытылып бара жат­қан беташар дәстүрін қайта жаңғыртып, Түркия қазақтарының арасында кеңінен таратуға үлкен үлес қосты. Сондықтан оның қызметін әншілік пен сазгерлік шеңберінде ғана бағалау жеткіліксіз. Ол шетелдегі қазақ­тар арасында ұлттық салт-дәстүрді сақтауға үлес қосқан мәдениет жанашыры болды.
Оның өнер жолындағы ең маңызды бе­лес­тің бірі – 2014 жылы Астанада өткен «Түр­кия – Қазақстан достық кеші». Белгілі таэк­вондо шебері Мұстафа Өзтүріктің туға­нына 60 жыл толуына арналған бұл іс-шара Түркия қазақтарының атамекенге арнайы барып, өнерін Қазақстан жұртшылығына таныстырған айтулы мәдени оқиғалардың бірі болды. Сол сапарда Бешір Көсенің «Ал­тай тауым» әні де Астана сахнасында шыр­қалды. Түркияда ата-анасының Алтайға са­ғы­нышынан туған бұл әннің ондаған жыл­дан кейін тәуелсіз Қазақстан астанасында орын­далуының символдық мәні зор еді. Бешір Көсе кейін сол сәтті еске алып, сахна сыртында «Түркияда тұратын композитор Бешір Ахмет Көсенің әні – «Алтай тауым» деп жарияланғанын естігенде ерекше тол­қып, кө­зіне жас алғанын айтқан-тын. Сол кезде «Алтай та­уым – сол кісілердің дұғасымен туған ән», – де­ген еді.


2014 жылғы Астана концерті Бешір Кө­сенің шығармашылығында жаңа бір туын­дының дүниеге келуімен ерекшеленді. Кон­цертке арнайы «Атажұртым – Қазақстан» әні дайындалды. Сөзін Түркия қазағы Ибраһим Аксел, әуенін Бешір Ахмет Көсе жазған бұл әнді өзі Астанаға шашу ретінде алып бар­ғанын айтқаны есімде. 
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Бешір Көсенің мәдени қызметінің жаңа кезеңі басталды. Ол Ыстанбұлға келген өнер адамдары, ғалымдар мен сту­дент­терге қолдау көрсетіп, қазақ­стан­дық әншілермен бірге мә­дени шараларға қатысты. Осы арқылы Қазақстан мен Түркия қазақтарының арасындағы бай­ланысты нығайтуға үлес қосты.
2026 жылғы 24 тамызда Бешір Ахмет Көсенің өмірден өткені туралы қаралы хабар жетті. Оны халық Ыстанбұл­дың Зәйтінбұрын ауданында соң­ғы сапарға шығарып салды. Жа­наза намазына көптеген адам қа­тысты. Қазақстанның Түркиядағы өкіл­дері, қазақ диаспорасының қайрат­кер­лері және түркі дүниесінің мәдени ұйым­дары көңіл айту хаттарын жолданды.
Бешір Ахмет Көсенің өмір жолы – шет­ел­дегі қазақ мәдениетінің қалай сақталып, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа берілгенін көр­сететін тағылымды мысал. Ол Қазақ­стан­да туған жоқ. Қазақ мектебінде оқыған жоқ. Консерваторияда домбыра үйренген жоқ.


Бірақ өз күшімен домбыра тартып, қа­зақ­ша ән айтуды үйренді. Қазақ тілінде ән­дер шығарды. Ата-анасының Алтайға деген сағынышын әуенге айналдырды. Түркия қазақтарының тойларында ұлттық дәстүрді жаңғыртты. Жастарға домбыра тартуды үйретті. Қазақстаннан келген өнер адам­да­рын Түркия қазақтарымен табыстырды. 
Бешір Көсенің домбырасының үні тоқ­тағанымен, оның әндері, шәкірттері және Түр­кия қазақтарының мәдени өмірінде қал­дырған ізі ұмытылмайды.

Әбдіуақап ҚАРА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Ыстанбұл