Былтыр еліміздегі фармацевтика нарығының көлемі 1,3 триллион теңгеден асып, бес жылда 1,7 есе ұлғайған. Бірақ нарықтың 84 пайызы – әлі де шетелдік өнімдердің үлесі. Ал отандық препараттар қаптама санымен есептегенде 40 пайызға жуық үлес алса да, ақшалай мәнде небәрі 15-16 пайыз шамасында қалып отыр. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің IQVIA мәліметтеріне сүйеніп ұсынған мәліметі.
Яғни, елімізде сатылатын әр он қаптаманың төртеуін қазақстандық кәсіпорындар шығарады. Алайда дәрі-дәрмекке жұмсалған әр жүз теңгенің шамамен 15-16 теңгесі ғана отандық өндірушілерге тиеді. Демек, отандық кәсіпорындар көпшілік тұтынатын, салыстырмалы түрде арзан дәрілерді жеткілікті көлемде шығарғанымен, қымбат, технологиясы күрделі, жоғары қосылған құн қалыптастыратын дәрі нарығында импортқа тәуелдіміз.
Халықаралық талаптарға сай реттеу жүйеміз, GMP стандартын меңгерген зауыттарымыз бар, инвестиция ағыны да қарқын алып келеді. Неліктен әлі күнге дейін дәрі-дәрмек импортына тәуелдіміз? 2029 жылға қарай өзіміз шығарған дәрі-дәрмектің нарықтағы ақшалай үлесін 50 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз, оған жете аламыз ба?
Өндіріс бар, өнім...
Ресми статистикаға қарасақ, отандық фармацевтика бір орында тұралап қалған жоқ. 2025 жылы еліміздегі фармацевтикалық өнім өндірісі 191,1 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 8,7 пайыз өсті. Салаға 142,8 миллион доллар инвестиция салынды, экспорт 84 миллион долларға жетті.
Жалпы, елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын 209 отандық тауар өндіруші тіркелген. Бірақ олардың тек 43-і дәрі өндіреді, қалған 166 кәсіпорын медициналық бұйымдар шығарады екен. Бұл мәліметтер Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми есебінде жарияланды. Демек, «Қазақстанда 200-ден астам фармацевтикалық кәсіпорын бар» деген жалпылама көрсеткіш саланың нақты құрылымын толық ашып көрсетпейді. Тіпті бұрмалайды десек те артық емес. Дәрі өндірісінің технологиялық тізбегіне тікелей қатысатын компаниялар саны бұдан әлдеқайда аз.
Саладағы өсім биыл да жалғасты. Бірінші жартыжылдықта дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі 126,6 миллиард теңгеге жетіп, алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға жуық көбейді. Қазақстандық компаниялар өндірген және тіркеген өнімдер саны 2 994-ға жеткен. Отандық тауарлардың заттай үлесі тамызда 40,3 пайыз болды. Үкімет жариялаған соңғы шолуда осы көрсеткіштер келтірілген.
Инвестиция көлемінің өсуі де назар аударарлық. 2023 жылы фармацевтикалық өндіріске 46,9 миллион доллар салынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 91,3 миллион долларға, 2025 жылы 142,8 миллион долларға жетті. Үш жылдың ішінде инвестиция үш еседен астам көбейген.
Алайда дәл осы кезеңде отандық өнімнің ақшалай үлесі айтарлықтай өзгермеді: 2023 жылы – 14,4 пайыз, 2024 жылы – 15,1 пайыз, 2025 жылы – 15 пайыз. Яғни инвестиция көбейіп, өндіріс ұлғайғанымен, ішкі нарықтағы табысы жоғары сегменттерде айтарлықтай өсім әлі байқалмайды. Ақшалай және заттай үлестердің айырмасын Денсаулық сақтау министрлігі де мойындап отыр.
Осылайша, мемлекет қолдау көрсетіп отырған өндіріс саясаты әзірге нарықтың сапалық құрылымын өзгертуге жеткіліксіз.
Өсім қаптама санымен өлшенбейді
Сонымен, отандық кәсіпорындар негізінен бағасы қолжетімді, көпшілік жиі тұтынатын дәрілерді шығарады. Олардың қатарында қарапайым ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, бактерияға қарсы және жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған препараттар бар. Мұндай өнімдер көп мөлшерде сатылады, бірақ бағасы қымбат емес. Ал онкологиялық, аутоиммундық ауруларға арналған препараттар, биологиялық дәрілер, кейбір вакциналар мен патентпен қорғалған инновациялық өнімдер негізінен шетелден әкелінеді. Олардың сату көлемі қаптама санымен аз болғанымен, нарықтағы ақшалай үлесі өте жоғары.
Ескеру керек тағы бір маңызды жайт бар. Қаптама саны науқастың нақты қанша күн ем қабылдағанын немесе дәріні қандай мөлшерде ішкенін көрсете бермейді. Қаптаманың көлемі, дәрінің мөлшері, қабылдау жиілігі мен емдеу курсы әртүрлі. Сондықтан 40 пайыздық заттай үлесті халықтың дәріге деген қажеттілігінің 40 пайызы толық өтеліп отыр деп түсінген жөн болмайды.
Ақшалай үлес те де солай. Қымбат дәрінің бағасында зерттеу шығыны, патент, бренд, логистика және өндірушінің нарықтағы үстемдігі ескерілуі мүмкін. Дегенмен ол жергілікті өнеркәсіптің технологиялық деңгейі мен қосылған құн қалыптастыру қабілетін заттай көрсеткішке қарағанда анығырақ көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жылға қарай отандық дәрілердің ішкі нарықтағы үлесін ақшалай мәнде 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 16 пайыз болған. Нарық көлемі өзгермейді деген шартты есептің өзінде жергілікті компаниялардың ақшалай үлесі төрт жылда үш еседен астам ұлғаюға тиіс. Бұған жыл сайын орта есеппен 30 пайыздан жоғары өсім қажет болады. Ал дәрі-дәрмек нарығының өзі де кеңейіп келе жатқанын ескерсек, жағдай одан ары күрделене түседі.
Сондықтан 50 пайыздық межеге қарапайым таблеткалар мен арзан дәрілердің қаптамасын көбейту арқылы жету мүмкін емес. Отандық кәсіпорындар қазір импорт басым болып тұрған қымбат және технологиялық сегменттерге кіруге тиіс болады.
«Қазақстанда жасалған»
Локализация – саладағы ең көп қолданылатын, жиі айтылатын сөздің бірі. Бірақ мағынасы да көп. Бір жағдайда дайын дәрі шетелден әкелініп, елімізде тек қапталады. Екінші жағдайда дайын фармацевтикалық өнім осында құйылып, сапасы тексеріледі. Үшінші жағдайда өндіріс технологиясы, зертханалық әдістер, мамандар даярлау жүйесі мен кей өндірістік кезеңдерді көшіріп, өзіміз шығарамыз. Осы жағдайлардың атауы бірдей болғанымен, экономикаға тигізетін әсері мен нәтижесі мүлде бөлек.
Қазір Pfizer, AstraZeneca және Roche секілді халықаралық компаниялармен өндірісті көшіру және технология трансфері жөніндегі жобалар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, жалпы құны 391,3 миллиард теңге болатын 8 ірі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олар шамамен 1 200 тұрақты жұмыс орнын ашып, 494-тен астам жаңа өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жоспарда онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммундық, орфандық және жұқпалы ауруларға, сондай-ақ қант диабетіне арналған дәрілер мен вакциналар бар.
Бұл жобалар толық жүзеге асса, отандық өндірістің құрылымы өзгеруі мүмкін. Бірақ мұнда зауыттың ашылғаны немесе меморандумның жасалғаны емес, өндірістің нақты іске қосылғаны маңызды. Қанша препарат тіркелді? Оның қай кезеңі Қазақстанда орындалады? Қанша маман даярланды? Қосылған құн қаншалықты елде қалады? Өнімнің қаншасы экспортқа шықты? Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі осындай сұрақтар арқылы бағалануы керек.
Әйтпесе, импорт дайын өнім күйінде емес, субстанция, технология, жабдық және лицензия түрінде жалғаса береді. Қаптамадағы ел атауы өзгергенімен, негізгі қосылған құн сыртта қалуы ықтимал. Локализация қаптамадағы «Қазақстанда жасалған» деген жазумен ғана өлшенбеуге тиіс.
Дәрі өндіретін дәрменіміз болғанымен...
Дегенмен фармацевтика қарапайым өңдеу өнеркәсібі емес екенін естен шығармау қажет. Жаңа препаратты жасауға мол қаржы, ғылыми зерттеу, клиникаға дейінгі және клиника сынағы, зияткерлік меншік, сапаны тұрақты бақылау және білікті маман қажет.
2026 жылғы маусымда Сенатта айтылған аудит мәліметі бойынша, кейінгі 10 жылда елімізде небәрі 2 отандық түпнұсқа препарат тіркелген. Оның біреуі қомақты бюджет қаражаты жұмсалғанына қарамастан, ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген. Иә, еліміздегі зауыттар сапалы өнім шығара алады және GMP талаптарына сай жұмыс істейді. Алайда дайын технология бойынша дәрі шығару мен жаңа өнім жасау – екі түрлі деңгей.
Екінші жағынан, жаңа дәрі әзірлеу барлық мемлекетке бірдей шарт емес. Әлемдік алпауыттармен бірден жаңа молекула жарысына түсе алмайтынымыз анық. Бірақ әдістер мен клиникалық зерттеулерді дамытуға мүмкіндік бар. Бұларсыз өндіріс үнемі сырттан келген технологияға тәуелді болған күйі қалады.
Ғылыми зерттеу институттары, медициналық университеттер мен зауыттар көбіне өз алдына бөлек жұмыс істейді. Ғалым ғылыми мақала жариялауға, кәсіпорын дайын технология сатып алуға, ал мемлекет сатып алу жоспарын орындауға ұмтылады. Олардың мүддесін бір арнаға тоғыстыратын жүйе әлсіз.
Салаға технологияны өндіріске жеткізетін инженерлер, фармацевтикалық әзірлеме мамандары, биотехнологтар, клиникалық зерттеу менеджерлері, тіркеу дерекнамасын әзірлейтін мамандар қажет. GMP талаптарына сай зауытты бірнеше жылда салуға болады. Ал сол зауыттың жұмысын толық меңгерген кадрды мұндай қысқа уақытта даярлау мүмкін емес.
Бағаны бақылау: таяқтың екі ұшы
Отандық фармаөндіріске мемлекеттік сатып алу жүйесі зор ықпал етті. 2026 жылдың басында мемлекет 31 отандық өндірушімен 2 022 дәрі мен медициналық бұйым жеткізу жөнінде 83 ұзақмерзімді шарт жасасқан. 2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор сатып алған отандық өнімнің ақшалай үлесі 32 пайызға жетті. Бұл жалпы нарықтағы 15-16 пайыздық үлестен екі есе жоғары.
«СК-Фармацияның» нарыққа ықпалын оның сатып алу көлемінен де көруге болады. 2026 жылға екі мыңнан астам дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алу жоспарланған, жалпы қажеттілік 567 миллиард теңгеден асады. Оның 400-ден астам атауын делдалсыз, тікелей өндірушілерден алу көзделген. Бұл – алдыңғы жылғы жоспардан 7,2 пайыз жоғары көрсеткіш.
Демек, мемлекеттік сатып алу жаңа өндірісті іске қосатын қуатты құрал бола алады. Бірақ оның екінші жағы да бар. Егер кәсіпорын ұзақмерзімді шартқа ғана сүйеніп, бөлшек нарыққа немесе экспортқа шығуға ұмтылмаса, мемлекетке тәуелді өндірістік модель қалыптасады. Ондай компания сапа мен тиімділікті емес, кезекті келісімшартты сақтап қалуды басты мақсатқа айналдыруы мүмкін.
Тағы бір күрделі мәселенің бірі – баға. Мемлекеттің міндеті халықты қолжетімді дәрімен қамтамасыз ету болса, өндірушіге өндірісті жаңартып, жалақы төлеп, сапа жүйесін ұстап тұратын табыс керек. Бұл екі мүдденің бірін екіншісіне жығып беруге тағы болмайды.
2026 жылы шамамен 2 500 рецептісіз дәрінің бағасын реттеуден шығару басталды. Құны бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын тағы 1 800 рецептілік препарат бойынша да өзгеріс қарастырылды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің талдауына сәйкес, бірінші тоқсанда 631 дәрінің бағасы орта есеппен 24,6 пайыз төмендеген. Сонымен қатар ұзақмерзімді шарттардағы бес мыңнан астам тауардың бағасы қайта есептеліп, 2025 жылғы сатып алуда шамамен 75 миллиард теңге үнемделген. Бұл мәліметтер Үкімет отырысында айтылды.
Алайда бұл дәріханадағы бүкіл өнім арзандады деген сөз емес. Оның үстіне, бағаның әкімшілік жолмен төмендеуі әрдайым ұзақмерзімді нәтиже бермейді. Шектен тыс төмен баға кейбір дәріні нарықтан кетіруі, жеткізушінің препаратты тіркеуге қызығушылығын азайтуы немесе тапшылық туғызуы ықтимал.
Екінші жағынан, бағаны толығымен еркін жіберу де халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан бәсекесі әлсіз сегменттерде мемлекеттің бақылауы қажет.
Экспорт көлемі – 84 миллион доллар
2025 жылы Қазақстанның фармацевтикалық экспорты 84 миллион долларға жетті. Бұл – отандық кәсіпорындардың сыртқы нарық талаптарына сай өнім шығара алатынын көрсетеді. Сала өкілдерінің айтуынша, қазақстандық өнімдер оннан астам мемлекетке жеткізіледі, ал DOSFARM, Kelun-Kazpharm және Nobel AFF секілді кейбір кәсіпорындардың жекелеген тауарлары бойынша экспорт үлесі 20-30 пайызға дейін жетеді.
Дегенмен бірреттік жеткізілім мен орнықты экспорт екеуі екі бөлек екенін мойындау қажет. Кәсіпорынның картаға жаңа мемлекет қосқаны жақсы жаңалық болғанымен, экспорттық нарық қалыптасты деу үшін қайталама тапсырыстар, тұрақты дистрибьютор және бірнеше жылдық сату тарихы керек.
«ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов фармацевтикалық экспортты «сенім экспорты» деп сипаттайды. Бұл тұжырымның жаны бар. Дәріні шекарадан өткізу үшін тек сатып алушы табу жеткіліксіз. Шетелдік реттеуші орган өндіріс орнына, GMP талаптарының орындалуына, әр серияның сапасына, тіркеу дерекнамасына, биоэквиваленттілік зерттеуіне және фармакологиялық қадағалау жүйесіне сенуге тиіс. Сұлтанов саланың экспорт алдындағы кедергілерін PharmNews.kz-ке берген сұхбатында егжей-тегжейлі атаған.
Қазақстандық өндіруші көрші елге дәрісін апарып, бірден сата алмайды. Әр препаратты тіркеу, дерекнама әзірлеу, кейде қосымша сынақ жүргізу, инспекциядан өту, жергілікті серіктес пен дистрибьютор табу қажет. Мұның бәрі уақыт пен қаражатты талап етеді.
2026 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақта жаңа дәрілер тек одақтың ортақ қағидалары бойынша тіркеледі. Бұл талаптар ЕАЭО нарығына бірізді жол ашуы мүмкін. Бірақ дерекнамасы мен сапа жүйесі әлсіз кәсіпорындар үшін шығынды көбейтеді. Ұлттық тәртіппен тіркеуге мүмкіндік берген өтпелі кезең 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталды.
Демек, ортақ нарық өздігінен экспорт әкелмейді. Ол кәсіпорынға тек мүмкіндік береді, ары қарай барлығын бәсеке шешеді.
2026 жылғы 9 сәуірде Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бағалауы бойынша дәрі-дәрмек пен импортталатын вакциналарды реттеу жүйесінің үшінші кемелдік деңгейіне жеткен Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды. Бұл мәртебе Қазақстанның дәріні тіркеу, сапасын бақылау, қауіпсіздігін қадағалау және сапасыз немесе жалған өнімді анықтау жүйесінің тұрақты жұмыс істейтінін білдіреді. ДДСҰ бағалауынша, үшінші деңгейдегі реттеуші орган өз міндеттерін халықаралық талаптарға сай өзі орындай алады. Бұл – зор жетістік. Ендігі міндет – беделді экономикалық құралға айналдыра алу.
Экспорт кеңсесі не үшін қажет?
Сала өкілдері фармацевтикалық экспорт кеңсесін құруды ұсынып отыр. Қазір шетел нарығына шыққысы келген әр компания заңнаманы жеке зерттейді, кеңесші іздейді, тіркеу шығынын өзі көтереді, инспекция ұйымдастырады және дистрибьютормен келіседі. Бірнеше қазақстандық кәсіпорын бір нарыққа шыққанда осы жұмыстың көп бөлігін қайта-қайта атқарады.
Арнайы кеңсе ортақ сараптаманы жинақтап, нақты нарықтар туралы қолданбалы мәлімет беруі мүмкін. Қай мемлекетте қандай препаратқа сұраныс бар? Нарықтың көлемі мен сатып алу бағасы қандай? Тіркеу қанша тұрады? Қай дистрибьютор сенімді? Мемлекеттік сатып алуға қалай қатысуға болады? Осындай сұрақтарға жауап беретін құрылым өндірушінің шығынын азайтар еді.
Бірақ кеңсенің жұмысы өткізілген конференция немесе жасалған меморандум санымен бағаланбауы керек. Тіркеу, биоэквиваленттілік зерттеуі және шетелдік инспекция шығындарын мемлекет пен кәсіпорынның бірлесіп қаржыландыруы да қарастырылуы мүмкін. Алайда қолдау нақты нәтижеге байланыстырылғаны жөн. Компания өз қаражатын салады, мемлекет тәуекелдің бір бөлігін бөліседі, ал келесі қолдау экспорт басталған жағдайда ғана беріледі.
Мұндай тәсіл бюджет ақшасын сыртқы нарыққа шығуға шын дайын кәсіпорындарға бағыттауға мүмкіндік береді.
P.S. Елімізде халықаралық талаптарға сай кәсіпорындар, қалыптасқан мамандар, мемлекеттік сатып алу жүйесі және сыртқы нарыққа өнім шығара бастаған компаниялар бар. Инвестиция көбейіп, халықаралық өндірушілер технологияны елге әкелуге қызығушылық танытып отыр. Ұлттық реттеу жүйесіне ДДСҰ жоғары баға берді. Қысқасы, дәрі өндіре алатынымызды дәлелдедік. Енді технологияға, ғылымға және экспортқа негізделген толыққанды фармацевтикалық өнеркәсіпке айналу – басты міндет.