Көкпардың дүбірі, көмейден төгілген көне жыр, жетігеннің қоңыр үні... Қырғыз жерінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сан ғасырлық көшпелі өркениеттің рухын қайта тірілткендей әсер қалдырды. Дүниенің әр қиырынан келген спортшылар мен дәстүрлі өнер өкілдерінің басын қосқан халықаралық додада қазақ өнерпаздары да ұлттық мұрамызды асқақтатып, жүлдемен оралды.
2026 жылғы 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Әлемнің ондаған елінен келген қатысушылар бас қосқан айтулы шара ұлттық спорт түрлерін дәріптеумен қатар, көшпелі халықтардың ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-мәдени мұрасын тоғыстырған үлкен өнер майданына айналды.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихы да осы қырғыз жерінен бастау алады. Алғаш рет 2014 жылы ұйымдастырылған халықаралық дода уақыт өте келе әлем назарын аударған ірі этномәдени жобаға ұласты. 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Қазақстан қабылдаса, биыл ұлы дүбір араға жылдар салып өзінің тарихи бастауына қайта оралды.
Ойындар алаңында көк бөрү мен көкпардың көрігі қызып, сәйгүліктер бәйгеге түсті. Мергендер дәстүрлі садақ атудан сынға түссе, балуандар ұлттық күрес түрлерінен күш сынасты. Тоғызқұмалақ секілді бабадан қалған зияткерлік ойындар да халықаралық доданың мазмұнын байыта түсті.
Алайда Көшпенділер ойындарының айрықша сипаты оның тек білек пен ептіліктің бәсекесі емес, рух пен өнердің де дүбірлі додасы болғандығы.
КӨКТЕН САУЛАҒАН КӨНЕ САРЫН
Қырғыз жерінде өткен мәдени шараларда көшпелі халықтардың әні мен күйі, эпикалық мұрасы, жыршылық дәстүрі мен ұлттық аспаптары қатар жаңғырды. «Рух Ордо» мәдени орталығында ұйымдастырылған «Көчмөндөр санаты» халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі түрлі халықтардың музыкалық мұрасын бір сахнада тоғыстырды. Қырчын этноауылында да этноән, айтыс, эпикалық жыр мен дәстүрлі өнерге арналған мәдени бағдарламалар өтті.
Бір сахнада домбыра мен қобыздың қоңыр үні естілсе, енді бір тұста қырғыз комузынан көне сарын төгілді. Манасшылардың мақамы мен жыршылардың көмейінен шыққан эпикалық әуен сан ғасыр бұрынғы көшпелі дүниенің тынысын бүгінгі күнге жеткізгендей болды.
Әр халықтың дәстүрлі аспабы да сол елдің тарихи жадынан сыр шертті. Әзербайжанның ысқышпен ойналатын көне ішекті кеманчасы, жапонның көп ішекті шертіп ойналатын котосы, өзбектің қос ішекті дутары, Румынияның дәстүрлі үрмелі флуйері, ал Үндістанның классикалық музыка мәдениетін танытатын ситары – түрлі өркениеттердің музыкалық тіліндегі өзіндік ерекшелікті аңғартты. Үні мен жасалу тәсілі әртүрлі болғанымен, бұл аспаптардың барлығы халықтың тарихи жадын, дүниетанымын және көркемдік талғамын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани мұра қызметін атқарады.
Осы тұрғыдан алғанда, Көшпенділер ойындарындағы дәстүрлі музыка әр халықтың өзіндік мәдени кодын өзара тоғыстыратын үлкен рухани кеңістік болды. Домбыраның шанағынан төгілген күй мен котоның нәзік үні, дутардың сырлы сазы мен кеманчаның мұңлы әуезі әртүрлі музыкалық дәстүрлердің арасында өзіндік үндестік бар екенін сездірді. Құдды, көктен көне сарын саулағандай әсерге бөледі.
Дәстүрлі музыка халықпен бірге жасасып, заманмен бірге жаңғырып келе жатқан тірі өнер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
КӨМЕЙДЕН ТӨГІЛГЕН «АЛПАМЫС» ПЕН «КӨРҰҒЛЫ»
Дәстүрлі өнер сайысына аспаптық музыка, жыр және дастан айту бағыттары бойынша 27 мемлекеттен өнерпаздар қатысты. Түрлі халықтың дәстүрлі орындаушылық мектептері тоғысқан бәсекеде әр жыршыға өз өнерін таныту үшін небәрі 15 минут уақыт берілді.
Осындай жауапты сәтте қазақтың жыршылық өнерін Есімхан Жасұлан мен Күнсұлу Түрікпен таныстырды.
Қосшы қаласы Мәдениет үйінің қызметкері Есімхан Жасұлан Майкөт Сандыбайұлының нұсқасы бойынша «Алпамыс» жырын толғаса, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының солисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпен «Көрұғлы» дастанын жырлады. Қос өнерпаз да көнеден жеткен жыршылық дәстүрдің жолын сақтап, әуелі жыр бастауын айтып, содан кейін ғана дастан желісіне көшті.
Жыр бастау – қазақ жыршылық мектебінің ғасырлар бойы қалыптасқан орындаушылық дәстүрінің бір белгісі. Сондықтан халықаралық сахнада қазақ эпосының ежелгі мазмұны, оны жеткізудің көне үлгісі тыңдарманға жетті.
Өнер додасының қорытындысында Есімхан Жасұлан II орынды иеленді. Ал Күнсұлу Түрікпен қазылар алқасының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Бұл марапаттың салмағы жүлдемен ғана өлшенбесе керек. «Алпамыс» пен «Көрұғлыдай» ғасырлардан жеткен эпикалық мұраның бүгінгі жыршылардың көмейінде қайта тіріліп, әлемнің әр қиырынан келген дәстүрлі өнер өкілдері алдында шырқалуының өзі – дәстүр сабақтастығының айқын көрінісі.
Қазақ өнерпаздарының халықаралық додадағы жетістігі аспаппен ән айту бағытында да жалғасты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасының PhD (философия докторы), мәдениет саласының үздігі Бағлан Бәбіжан осы бағыт бойынша III орын иеленді. Бұл нәтиже қазақтың дәстүрлі ән өнерінің орындаушылық мектебі халықаралық деңгейдегі өнер додасында да өз биігін сақтап отырғанын көрсетті.
ЖЕТІГЕННЕН ЖЕТКЕН ҮН
Қазақ өнерпаздарының жетістігі жыр-дастанмен шектелген жоқ. Аспаптық музыка бағытында да ұлттық өнеріміздің мерейі үстем болды. Бұл бағыттағы халықаралық өнер додасына мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов бас төрешілік етті. Әлемнің әр қиырынан келген дәстүрлі музыка өкілдерінің өнеріне қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерінің бас төреші ретінде баға беруі де ұлттық өнеріміздің халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін аңғартса керек.
Бәсеке қорытындысында Үндістаннан келген ансамбль I орынды иеленсе, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Нұргүл Жақыпбектің жетекшілігімен құрылған жетігеншілер ансамблі II орынға ие болды. III орын қырғыз халқының ансамбліне бұйырды.
Бұл жүлденің мәні жетігеннің жаңғыру тарихына үңілгенде тіпті тереңдей түседі. Жетігеннің қазақтың көне аспабының бірі екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, ұлттық музыкалық мұраны зерттеу мен танытуға өлшеусіз үлес қосқан этнограф-ғалым Болат Сарыбаевтың еңбегі кейінгі жаңғыру үдерісінің ғылыми-танымдық негіздерінің біріне айналды.
Ал қазақтың көне аспабының кәсіби орындаушылықтағы өрісін кеңейту ісі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Дүйсен Қасейінов ректорлық еткен кезеңде жаңа серпін алды. Сол тұста жетіген өнерін дамыту мақсатында Хакасиядан дәстүрлі музыка маманы Евгений Ұлықбашев арнайы шақырылып, аспапты кәсіби тұрғыдан меңгеру мен жетілдіру бағытындағы жұмыстар қолға алынды.
Уақыттың осындай ғажап сабақтастығына назар аудармау мүмкін емес. Бір кезеңде Болат Сарыбаев жетігеннің қазаққа тән көне аспап екенін ғылыми тұрғыдан танытып, ұлттық мұраның қатарынан орын алатынын дәлелдесе, кейін Дүйсен Қасейінов тұсында оның кәсіби орындаушылық бағытының дамуына жаңа мүмкіндік ашылды. Ал сол еңбектің жалғасы ретінде бүгінгі жас жетігеншілер халықаралық сахнада қазақтың көне аспабын әлемге танытып, жүлдеге ие болып отыр.
Күні кеше ғана қайта жаңғырту ісі қолға алынған көне аспаптың бүгін әлем халықтарының дәстүрлі музыкалық мұрасымен иық тірестіріп, халықаралық додада жүлде алуы – ұлттық мұраны зерттеу мен танытудан басталып, оны кәсіби тұрғыда дамытуға, одан әрі ұрпаққа жеткізуге ұласқан табанды еңбектің, ұстаз бен шәкірт сабақтастығының, дәстүрге деген жанашырлықтың жемісі.
Бір кездері көмескі тарта бастаған жетіген үні енді әлемдік сахнада естіліп, қазақтың көне музыкалық мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлел-
деді.
Көшпенді өркениетті тек ат үстіндегі өмірмен немесе ұлттық ойындармен шектеледі деп есептеу – тарихқа қиянат. Оның тереңінде халықтың дүниетанымы, жадында сақталған жыры, күмбірлеген күйі, шежіресі мен салт-дәстүрі жатыр. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осы тұтас мәдени әлемді тағы бір мәрте жұртшылық назарына ұсынды
Бір халық комузын күмбірлетті, бірі көне аспабын сөйлетті, енді бірі бабадан қалған жырын толғады. Тілі басқа болғанымен, олардың өнерінен ортақ бір сарын сезілді. Ол – өткенін ұмытпаған, дәстүрін келер ұрпаққа жеткізуге ұмтылған халықтардың үні.
Қырғыз жеріндегі ұлы дүбір басылды. Сәйгүліктердің дүбірі де алыстап, сахнадағы сайыс та мәресіне жетті. Бірақ сол күндері қайта жаңғырған домбыраның қоңыр үні, жетігеннің сазы, жыршылардың көмейінен төгілген көне сарын халық жадында қала бермек.
Т.ӨСКЕНБАЙ