Жаһандық қауіпсіздікті сақтаудың жолы
Жаһандық қауіпсіздікті сақтаудың жолы
Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Нью-Йоркте БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде АҚШ-тың төрағалығымен «Қаруды таратпау/ Корей Халық-демократиялық Республикасы (ҚХДР)» тақырыбындағы министрлік деңгейінде өткен ашық пікірталасқа қатысты.
Соңғы кездері Солтүстік-шығыс Азия өңіріндегі әскери қимылдарға байланысты алаңдаушылық туып отыр. КХДР дүниежүзінде ядролық сынақтарды кейінгі жылдары өткізген жалғыз мемлекет. Осы орайда халықаралық қауымдастық Кореяның арандатуына ермеуге шақырды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: «КХДР тарапынан қауіптің өсуіне АҚШ әрекетсіз қарап отыра бермейді. АҚШ мәселені әскери жолмен шешу мүмкіндігін де жоққа шығармайды», – дей келе, барлық мемлекеттерді Пхеньянға қарсы экономикалық санкция жариялауға шақырды. БҰҰ отырысына қатысушы мемлекеттер арасында Жапония, Сенегал, Қытай, Ұлыбритания, Эфиопия, Швеция, Италия елдерінің өкілдері болды. Санкция жариялау мәселесін Ұлыбритания мен Франция бірден қолдады. Өзі пікірін білдірген мемлекеттер арасында Ресей мен Қытай Корей түбегі мен Солтүстік-Шығыс Азия аймағында күш қолдану өрескел әрекет екенін ашық айтты. Сондықтан, Қытай ядролық қарусыздану мен бейбіт үдерістерге бағытталған шаралар кешенін қамтитын қос-текті формула ұсынды. Қытайды қолдаған Ресей алтыжақты келіссөз өткізуді ұсынды. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қарусыздану, қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік еліміздің негізгі саяси бағыты екенін айтып: «1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қуаты бойынша әлемдегі төртінші болып табылатын ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылады. Ядролық қарусыз ел мәртебесін таңдау өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті сақтаудың бірден-бір дұрыс жолы болып табылады», – деді.
Осы сапарында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы әріптестікті дамыту туралы мәселелерді талқылады. Сонымен қатар бұған дейін екі ел президенттерінің телефон арқылы талқылаған сауда-экономика бойынша ынтымақтастықты кеңейту мен жетілдіру жолдарын пысықтады.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрі Ақ үй әкімшілігімен байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді. «Қазақстан АҚШ-пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша маңыз береді және жаңа әкімшілікпен тығыз өзара іс-қимыл жасауға ниетті», – деді. Айтқандай, Тиллерсон мырза Қазақстанның қуаты жөнінен әлемде 4-орын алатын ядролық қарудан бас тартқанын айрықша қуаттады. Сондай-ақ, Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның халықаралық қауымдастықта абыройы арта түскенін және елде саяси әрі экономикалық тұрақтылық нығайып, ірі инвесторлар тартуға сеп болғанын атап өтті. Сирия мен Ауғанстандағы ахуал, Корей түбегіндегі түйткілдер де сөз болды. Қайрат Әбдірахманов еліміздің әлемдік және аймақтық мәселелерді шешуге атсалысуға әркез дайын екенін айтты.
Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар 29 тамызда Қазақстанда халықаралық төмен байытылған уран банкінің ресми ашылуы жоспарланып отырғанын хабарлады. АҚШ үкіметі мен «Ядролық қаруды азайту» бағдарламасы қорының банк құрудағы үлесін ескере отырып, америкалық тарапты ресми салтанатқа қатысуға шақырды.
Бұдан кейін БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесті. Қайрат Әбдірахманов Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында мәлімдеген бастамаларын БҰҰ Хатшылығы дәйекті түрде қолдауының маңызы зор екенін атап өтті.
Тараптар халықаралық қауіпсіздік саласындағы ағымдағы ахуалға байланысты іс-қимылдар бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, Қайрат Әбдірахманов Бас хатшыға Сирия бойынша Астана келіссөздер процесінің барысы туралы мәлімдеді. А.Гутерриш Астана келіссөздері Женева келіссөздерінің табысты болуына жол ашады деп сенетінін, бұл процесті толық қолдайтынын білдірді. Дүниежүзілік ұйым басшысы Қазақстанның Алматы қаласындағы БҰҰ халықаралық хабын құру туралы ұсынысына және бұл үшін ел билігі кең және көп функционалды ғимарат беріп отырғанына назар аударды.
Кездесу барысында А.Гутерриш Астанада осы жылғы 8-9 мамырда өтетін ШЫҰ саммитіне және ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына қатысқысы келетінін мәлімдеді. Бұл Қазақстанға соңғы жарты жыл ішінде жасалатын екінші сапар екені және мұның Қазақстанмен әрі Орталық Азия өңірі елдерімен ынтымақтастыққа БҰҰ-ның баса назар аударатынын көрсететіні айрықша атап өтілді.