Қазақстанға шетелден заңсыз кіргізілмек болған 107 тонна өнім кері қайтарылды

Бүгін, 08:38 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстанға шетелден заңсыз кіргізілмек болған 107 тонна өнім транзитіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Атап айтқанда, Шешен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкент қаласына 88 тонна бидай кебегін кіргізуге тосқауыл қойылды.

"Тексеру барысында ветеринариялық ілеспе құжаттардың және таңбалаудың болмағаны, сондай-ақ өнімге қажетті термиялық өңдеудің жүргізілмегені анықталды", - дейді министрлік.

Сондай-ақ Беларусьтің Минск облысынан Ташкент қаласына 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен жартылай фабрикаттар транзиті тоқтатылды. Осылайша жалпы салмағы 107 тоннаны құрайтын барлық өнім жөнелту бекеттеріне қайтарылды.

Жалпы жыл басынан бері "Сырым" бекетінде 230 заң бұзушылық анықталды. 230 автокөлік құралы кері қайтарылып, жалпы сомасы 8,9 млн теңге болатын айыппұл салынған 100 әкімшілік хаттама толтырылды.