Қызылорда облысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта Toyota Land Cruiser көлігін жүргізіп бара жатқан 6 жасар баланы тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция мәліметінше, Арал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көлік тізгінінде кәмелетке толмаған баланың отырғанын байқап, дереу әрекет еткен.
Тексеру барысында автокөліктің баланың әкесіне тиесілі екені анықталған.
Оқиғадан кейін баланың заңды өкіліне қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда, баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүруі бойынша шара қабылданған.
Сот баланың әкесін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері бала және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізген.
Қазіргі уақытта республика көлемінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Полиция ата-аналарға балалардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеуді және олардың түнгі уақытта қараусыз жүруін қадағалауды ескертті.