Елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі жас сарбаздардың жаңа легімен толықты. Алматы қаласынан әскери борышын өтеуге келген 45 жас сарбаз елордаға алғаш рет қадам басып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге кірісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жас сарбаздарды әскери бөлімнің жеке құрамы салтанатты түрде қарсы алып, оларға әскери қызметтің қыр-сырын түсіндірді. Енді кеше ғана азаматтық өмірде жүрген бозбалалар саптық даярлықты меңгеріп, әскери тәртіпке бейімделіп, қару-жарақпен жұмыс істеу, дене дайындығы және жауынгерлік даярлық бойынша білімдерін жетілдіреді.
Алматыдан келген сарбаздардың бірі – қатардағы Бектілеу Бекболат. Ол елордада әскери борышын өтеуді үлкен жауапкершілік деп санайды.
«Алматыдан Астанаға алғаш рет келіп отырмын. Жаңа орта, жаңа адамдар, жаңа жауапкершілік – барлығы біз үшін үлкен тәжірибе болады деп ойлаймын. Әскери қызметке дайындықпен келдім. Ең басты мақсатым – Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарып, ата-анамның үмітін ақтау. Осы уақыт ішінде жақсы тәртіпке үйреніп, әскери достар тауып, өзімді шыңдағым келеді. Елорданың тыныштығын күзету – біз үшін үлкен мәртебе», – дейді жас сарбаз.
Алда жас сарбаздарды маңызды кезең – әскери өмірге бейімделу мен бастапқы даярлық күтіп тұр. Әрқайсысы әскери тәртіпті меңгеріп, біртұтас жауынгерлік ұжымның мүшесіне айналады.
Кеше ғана Алматының қарапайым жастары болған 45 сарбаз енді елорданың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын Отан қорғаушылар қатарын толықтырмақ.
5573 әскери бөлімінің тілшісі
Лейтенат Айгерім Балтабаева