Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атап айтқанда, полициямен шұғыл байланыс орнатуға арналған смарт-бейнежетондар мен SOS батырмалары, вакциналардың сақталу жағдайын бақылауға арналған «Суық тізбек» жүйесі, сондай-ақ ауылдық жерлердегі 655 медициналық ұйым мен ҚАЖ жүйесінің 72 мекемесінде орнатылған телемедициналық кешендер қолданысқа енгізілді.
«Қазақтелеком» өкілі Бахтияр Қожахметовтың айтуынша, жыл соңына дейін 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы мен 3,8 мыңнан астам қызметкерді бейнежетондармен қамту жоспарланып отыр. Ал телемедицина қашықтан 24-ке дейін зерттеу түрін жүргізуге мүмкіндік береді.