Жапон ғалымдары ЖИ көмегімен нөсерден қорғау әдісін ұсынды

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жапония ғалымдары теңіз үстіне жаңбырды ертерек жаудырып, құрлықтағы алапат нөсердің күшін азайтуды көздеп отыр. AMAGOI жобасы аясында бұл үдерісті басқару үшін жасанды интеллект пен ауа райын болжаудың жаңа әдістері қолданылмақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жапонияда тайфундар мен ұзаққа созылатын жауын бұлттары жиі су тасқынына әкеледі. Апат ауқымды болған жылдары келтірілген шығын 1 трлн иеннен асып кетуі мүмкін. Бөгет, дамба және су қоймасы секілді дәстүрлі қорғаныс құрылыстарының да мүмкіндігі шектеулі. AMAGOI жобасын Тиба университетінің профессоры Сюндзи Коцуки басқарады. Бастама Жапония үкіметінің 2050 жылға қарай қауіпті жел мен нөсердің зардабын азайтуға бағытталған Moonshot бағдарламасына енгізілген.

Жапониядағы жойқын нөсердің пайда болуына мұхиттан құрлыққа қарай қозғалатын су буы әсер етеді. Ғалымдардың идеясы бойынша, осы ылғал құрлыққа жетпей тұрып теңіз үстінде будақ жаңбыр бұлттарын жасанды түрде қалыптастыру қажет.

Ол үшін ұшақтан бұлтқа құрғақ мұз бөлшектерін шашу ұсынылған. Құрғақ мұз су тамшыларының түзілуіне жағдай жасап, жауынның теңіз үстінде ертерек жаууына ықпал етуі мүмкін. Нәтижесінде құрлыққа жететін ылғал мөлшері азаяды деген болжам бар.

Алдын ала компьютерлік модельдер мұндай араласу құрлықтағы нөсер көлемін 10–20%-ға төмендетуі мүмкін екенін көрсеткен. Алайда бұл көрсеткіш әзірге нақты табиғи жағдайда толық дәлелденген жоқ.

2026 жылғы қаңтарда Тояма шығанағы үстінде алғашқы шағын сынақ жүргізілді. Ұшақтан 30 келі құрғақ мұз шашылып, спутник пен радар деректері арқылы бұлтты жедел анықтау және ұшаққа нұсқау беру жүйесі тексерілген. Құрғақ мұз мөлшері аз болғандықтан, зерттеушілер бұл тәжірибе жаңбыр көлемін өзгерткенін растаған жоқ. Сынақтың негізгі мақсаты технологияны қауіпсіз жағдайда тексеру болды.

Мұндай тәжірибені жүргізу үшін атмосфераның қазіргі күйін дәл анықтап, құрғақ мұзды қай жерде және қай уақытта шашу керегін есептеу қажет. Қолданыстағы жедел болжам жүйелері қолжетімді метеорологиялық деректердің шамамен 5-6%-ын ғана пайдаланады.

Жасанды интеллект бақылау құралдарынан келетін ақпаратты жылдам өңдеп, қысқа уақытта мыңға жуық ықтимал сценарийді есептеуге мүмкіндік береді. Ғалымдар осының көмегімен ауа райы болжамын әр 30 минут сайын жаңартуды жоспарлап отыр.

Жоба аясында теңізге ені 600, биіктігі 300 метр болатын үшбұрыш пішінді алып құрылым орнату идеясы да қарастырылуда. Теория бойынша, ол ауа ағынының бағытын өзгертіп, теңіз үстінде жаңбырдың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Дегенмен бұл әзірге инженерлік мүмкіндігі бағаланып жатқан тұжырымдама ғана.

Ауа райын өзгерту технологиясы экологияға, көршілес аймақтарға және жауын-шашынның табиғи таралуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан ғалымдар техникалық зерттеумен қатар оның қауіпсіздігін, құқықтық негізін және қоғамның көзқарасын да зерделеп жатыр. Жоба туралы Тиба университетінің материалында айтылған.

Тэгтер:

Жаңбыр ғылым ЖИ