Жәндіктердің жаңа түріне әнші Тейлор Свифттің аты берілді

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: Кевин Мазур/Getty Images, Сара Шредер/UCR

АҚШ ғалымдары Аустралиядан табылған жәндіктердің жаңа түріне әйгілі әнші Тейлор Свифттің атын берді. Swiftiephylus деп аталған туысқа ғылымға бұрын белгісіз төрт түр енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Калифорния университетінің Риверсайд кампусының зерттеушілері жалпы саны 12 жаңа жәндік түрін сипаттаған. Зерттеу нәтижесі Insect Systematics and Evolution ғылыми журналында жарияланды.

Оларға Swiftiephylus taylorae, Swiftiephylus amator, Swiftiephylus intrepidus және Swiftiephylus poetorum деген атаулар берілген. Бұл атаулар Тейлор Свифттің есімімен және оның Lover, Fearless, The Tortured Poets Department альбомдарымен байланысты. Ал Swiftiephylus атауындағы «Swiftie» сөзі әншінің жанкүйерлеріне қатысты қолданылатын атаудан алынған.

Жәндіктерді әншімен байланыстыруға олардың сыртқы келбеті де себеп болған. Олардың түсі ақшыл сары, ал денесінде қызыл реңкті бөліктер бар. Зерттеушілер бұл түстерді Тейлор Свифттің сары шашы мен қызыл далап жағатын танымал бейнесіне ұқсатқан.

Жаңа түрлер өсімдік шырынымен қоректенетін Miridae қандалалар тұқымдасына жатады. Олар Австралиядағы казуарина ағаштары мен бұталарын мекендейді. Жәндіктер адам мен жануарға зиян келтірмейді және өсімдікке айтарлықтай зақым келтіретін зиянкес ретінде де танылмаған.

Зерттелген жәндіктердің үлгілері 1995–2004 жылдары Австралияда өткізілген ауқымды ғылыми экспедиция кезінде жиналған. Сол кезде ғалымдар 50 мыңнан астам үлгіні музей қорларына өткізген. Арада бірнеше онжылдық өткен соң зерттеушілер олардың арасынан 593 жәндікті жан-жақты тексеріп, жаңа түрлерді анықтады.

Тэгтер:

жәндік Тэйлор Свифт