Бүгін өткен Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына заң арқылы тыйым салу туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгінгі баланың өмірін смартфон мен әлеуметтік желілерден бөлек елестету мүмкін емес. TikTok, Instagram, YouTube және басқа да цифрлық платформалар балалар үшін ақпарат алудың, достарымен қарым-қатынас жасаудың, шығармашылықпен айналысудың негізгі құралдарының біріне айналды. Алайда технологияның пайдасымен қатар, оның бала психикасына, денсаулығына және әлеуметтік дамуына кері әсер ететін қаупі де артып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда депутат қоғам үшін өте маңызды мәселені көтеріп отыр. Бұл ұсынысты тек әлеуметтік желіге «тыйым салу» ретінде қарастыру дұрыс емес. Оның астарында әлдеқайда маңызды мәселе жатыр: Баланы цифрлық ортадағы қауіп-қатерден кім және қалай қорғауы керек? Бала психикасының бұзылмауына, зейіні мен зердесін ашуға кім жауапты?
Мұндағы мәселе – баланың әлеуметтік желіні жиі қолдануында емес. Негізгі проблема – оны бақылаудың қиындауы және әлеуметтік желінің баланың күнделікті өміріндегі өзге маңызды қажеттіліктерді ығыстыра бастауы.
Бала ұзақ уақытын экран алдында өткізген сайын кітап оқуға, спортпен шұғылдануға, отбасымен сөйлесуге, достарымен араласуға және сабаққа дайындалуға бөлінетін уақыт азаюы мүмкін. Бұған қоса әлеуметтік желідегі кибербуллинг, зиянды контент, бейтаныс адамдармен қауіпті байланыс, жалған ақпарат, сыртқы келбетке қатысты қысым және тәуелділікке итермелейтін алгоритмдер секілді қауіптер бар. Сондықтан бұл мәселені «Балаларға интернет керек пе, керек емес пе?» деген қарапайым сұрақпен шектеуге болмайды.
Баланың психикасы әлі толық қалыптасып үлгермеген кезде әлеуметтік желідегі үздіксіз салыстыру, лайк пен қаралымға тәуелділік, виртуалды ортадағы қабылдану қажеттілігі эмоционалдық жағдайына әсер етуі мүмкін.
Әсіресе жасөспірім үшін құрбы-құрдас, қатарластарының пікірі маңызды. Әлеуметтік желідегі танымал блогерлердің өмір салты, мінсіз сыртқы бейнесі немесе материалдық мүмкіндіктері баланың өз өміріне қанағаттанбауына себеп болуы әбден ықтимал.
Бұған қоса әлеуметтік желінің алгоритмдері пайдаланушыны платформада мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалуға бағытталған. Қысқа бейнелердің бірінен кейін бірін көру, тұрақты хабарламалар, ұсынылатын контент және үздіксіз жаңарып отыратын таспа баланың уақытты бақылауын қиындатады. Сондықтан депутат көтеріп отырған мәселенің мәні – баланы цифрлық әлемнен оқшаулау емес, оның жасына сәйкес қауіпсіз орта қалыптастыру.
Нұрлыбек ТҰРСЫНБЕКОВ, психолог-аддиктолог, «Komek Center» оңалту орталығының негізін қалаушы:
Әлеуметтік желі баланың зейіні мен ұйқысын бұзады
– Медициналық білімі бар маман ретінде айта аламын – 16 жасқа дейінгі балалардың психология тұрғысынан әлеуметтік желілерге кіруін шектеу немесе тыйым салу дәлелді негіздемелерге де, ықтимал қауіптерге де ие. Неліктен психологтар шектеулерді қолдайды? Біріншіден өзін-өзі бағалаудың тұрақсыздығы. 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрдастарының пікіріне қатты тәуелді. Ұнатулар мен пікірлер олардың маңыздылығының негізгі өлшеміне айналады. Екіншіден, кибербуллинг қаупі жоғары. Балалар мен жасөспірімдер желідегі қорлаудан нашар қорғалған. Бұл ауыр депрессия мен мазасыздықтың бұзылуына әкеледі. Үшіншіден, зейін қою проблемалары. Жарқын және жылдам мазмұн (қысқа бейнелер) жүйке жүйесін шамадан тыс жүктейді. Оқуда зейінді сақтау қабілеті нашарлайды. Төртіншіден, ұйқының бұзылуы. Түнде телефонда отыру Ұйқының циркадалық ырғақтарын (циркадные ритмы) бұзады. Ұйқының болмауы эмоционалды даму мен есте сақтау қабілетіне зиян тигізеді. Бесіншіден, жоғалған пайда синдромы/(синдром упущенной выгоды). Біреудің «мінсіз» өмірін үнемі бақылау баланың эмоционалды дисфункцияға әкелетін кемшіліктер мен қызғаныш сезімін тудырады.
Айсұлу ЫСҚАҚОВА, білім беру сарапшысы:
Балалар әлеуметтік желіде жасын жалған көрсетіп жүр
– Әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Біреулер әлеуметтік желідегі контенттен шабыт немесе жаңа идея алып жатса, екіншілері зиянын басым көріп жатыр. Мен 16 жасқа дейінгі дейінгі балаларды әлеуметтік желіден шектеу туралы заңды қолдаймын. Біріншіден, олардың маңдайалды ми қыртысы әлі толық дамып бітпеген, сондықтан бала өзін-өзі бақылау, шешім қабылдау, зейін қою сияқты әрекеттерге толық жауап бере алмайды. 18 жасқа дейінгі өрен – ол әлі бала, толық өзі дұрыс шешім қабылдай алмайды. Бүгін мен әлеуметтік желіде көп отырып қойдым-ау, осы жерден тоқтайын деп өзін бақылай алмайды. Мұның салдары жүйке жүйесінің шаршауы, көру қабілетінің төмендеуі, бала жадының тек қысқа ақпаратты қабылдауы, концентрацияның нашарлауы сияқты көптеген мәселерге әкеледі. Екіншіден – баланың әлеуметтік желіде қандай контент тұтынып отырғанын үнемі бақылай алмаймыз. Үшіншіден, өзін өзгелермен салыстыру басталады. Өкініштісі сол, Instagram желісінде тек әдемі картина көрсетіледі. Бәрі бай, бәрі ақылды, бәрі табысты. Бұл баланың өз-өзін бағалауына кері ықпалын тигізеді. Бұл туралы әйгілі психолог Жонатан Хайдт та айтады. Осы әдемі картинаның салдарынан Америкада жасөспірімдер арасында күйзеліске душар болғандар саны күрт өскен. Төртіншіден, қазір әлеуметтік желілерде 13 жасқа дейін деп шектеу қойғанымен, 10 жастан төмен балалар «Иә, мен 13 жасқа толғанмын» деп өтірік жасын көрсетіп, әлеуметтік желілерді пайдаланып жатыр. Ал сол әлеуметтік желілерді құрастырғандар бұл мәселені шешуге аса құлықты емес. Телефондағы ата-ана бақылауын да аттап өтетін жолдары бар. Сондықтан балаларға жалпы тыйым салатын бірегей заң болуы керек деп ойлаймын.
Әлем бұл мәселені қалай шешіп жатыр?
Бұл мәселе Қазақстанда ғана көтеріліп отырған жоқ. Керісінше, әлемнің бірқатар елдері балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігіне жас шектеуін енгізіп немесе цифрлық платформаларға балаларды қорғауға қатысты қосымша міндеттер жүктеп жатыр.
Нақты мысалдың бірі – Аустралия. 2025 жылы желтоқсаннан бастап Аустралияда 16 жасқа толмаған балалардың бірқатар әлеуметтік желілерден аккаунт ашуына және оны пайдалануына шектеу енгізілді. Заң бойынша платформалардың өздері 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың аккаунт иеленуіне жол бермеу үшін «ақылға қонымды шаралар» қабылдауға тиіс. Бұл талап Facebook, Instagram, TikTok, YouTube, Snapchat, X және басқа да платформаларды қамтиды. Маңыздысы – Аустралия бұл шектеуді барлық цифрлық қызметке бірдей қолданған жоқ. Мессенджерлер, онлайн ойындар, білім беру және денсаулық сақтау мақсатындағы сервистер сияқты кейбір қызметтер шектеуден тыс.
Еуропада да талаптар күшейіп келеді. 2025 жылы Еуропалық комиссия кәмелетке толмағандарды онлайн ортада қорғауға арналған арнайы ұсынымдар қабылдады. Олар балалардың аккаунттарын жабық режимде ұстау, зиянды контентке тап болу қаупін азайту, кибербуллингке қарсы құралдарды күшейту, балаларды шамадан тыс қолдануға итермелейтін функцияларды шектеу және жасын сенімді түрде анықтау тетіктерін енгізу сияқты шараларды қамтиды.
Еуропалық тәсілдің тағы бір маңызды ерекшелігі – жас ерекшелігін анықтау кезінде баланың жеке деректерін барынша қорғау. Еуропалық комиссия жас мөлшерін тексерудің арнайы технологиялық шешімдерін әзірлеп жатыр.
Ұлыбританияда да балалардың онлайн қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған Online Safety Act жүйесі жұмыс істейді. Ол платформалардан пайдаланушылардың жасын тиімді анықтау тетіктерін қолдануды талап етеді.
Ал Норвегияда үкімет әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеуін енгізу мәселесін қарастырып, 15 жасты бастапқы шек ретінде ұсынған. Сонымен қатар мектеп пен балалардың күнделікті қарым-қатынасына қажетті сервистерді жалпы шектеуден босату мәселесі де қарастырылуда.
Демек, әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттер біртіндеп екі бағыттың бірін таңдауда: жас шектеуін енгізу немесе платформаларға балаларды қорғауға бағытталған қатаң міндеттер жүктеу. Көп жағдайда бұл екі тәсіл қатар қолданылады.
Қорыта айтқанда, екі маманның пікірі де балаларды әлеуметтік желінің ықтимал қауіптерінен қорғау қажеттігін көрсетеді. Мәселе әлеуметтік желіге толық тыйым салуда емес, баланың психологиялық және физикалық денсаулығына зиян келтірмейтін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруда. Бұл ретте ата-ананың бақылауымен қатар, әлеуметтік желі платформалары мен мемлекеттің де жауапкершілігін арттыру маңызды. Себебі баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек отбасының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Депутат Жанарбек Әшімжанов көтеріп отырған мәселенің ең маңызды тұсы да осында. Баланың әлеуметтік желіге кіруін шектеу – түпкі мақсат емес. Түпкі мақсат – баланың қауіпсіздігі.
Цифрлық технологиядан толық бас тарту мүмкін емес, алайда баланың психологиялық денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау – басты орында тұруға тиіс. Мамандардың пікірлері мен әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл бағытта жас шектеуін енгізумен қатар, ата-ана бақылауын күшейту, балалардың медиасауатын арттыру және цифрлық платформалардың жауапкершілігін арттыру маңызды.
Сондықтан ұсынылып отырған шараларды әлеуметтік желіге жай ғана «тыйым салу» емес, балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған қадам ретінде қарастырған жөн. Өйткені бүгінгі баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі – ертеңгі қоғамның психологиялық және әлеуметтік саулығына тікелей әсер ететін мәселе.