Брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ жаңа Регламентте депутаттық сауалдардың нәтижелілігін арттыруға бағытталған бірқатар тетік қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Журналистер депутаттан: «Депутаттар жиі өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдайды. Алайда одан кейін Үкімет тарапынан қандай жұмыс жүргізіліп, қандай нақты шара қабылданғанын көре бермейміз. Жаңа Регламентте мемлекеттік органдарды депутаттық сауалдарға жауап ретінде нақты шаралар қабылдауға міндеттейтін тетіктер қарастырылған ба?» деп сұрады.
Үнзила Шапақтың айтуынша, жаңа Регламентте депутаттық сауалды формалды құрал ретінде қалдырмай, оның нәтижесін бақылауға мүмкіндік беретін бірнеше тетік бар. Сауал жолданған лауазымды тұлға бір ай ішінде жауап беруге міндетті. Егер депутат жауапты толық емес немесе жеткіліксіз деп санаса, лауазымды тұлғаны Құрылтайға шақырып, мәселені жария түрде талқылай алады. Мұндай талқылау кезінде өзге депутаттар да қосымша сұрақтар қоюға құқылы.
Депутат сауал жолданбас бұрын мәселе жан-жақты зерделенетінін де атап өтті. Фракциялар көтерілетін тақырыптарды алдын ала талқылап, оның негізділігі мен дәйектерін қарайды.
«Депутаттық сауалды мәселені аяғына дейін жеткізіп, мемлекеттік органдармен ықпалдасып жұмыс істеудің тетігі ретінде қарастырамыз. Бұл – Құрылтай бақылауын күшейтетін механизм», – деді Үнзила Шапақ.