Республикалық маңызы бар Астана – Қарағанды – Алматы автомобиль жолында болған жол-көлік оқиғасының сәті жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камераларына жазылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бейнежазбадан жүк көлігінің төмен жылдамдықпен қозғалып келе жатып, жолдың жүру бөлігінде тоқтағанын көруге болады. Алайда көліктің апаттық жарық белгісі қосылмаған. Артынан келе жатқан жеңіл автокөлік жүк көлігімен соқтығысқан.
Соққы салдарынан жеңіл автокөлік жол жиегіне шығып кетіп, аударылған. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
«ҚазАвтоЖол» ескертеді: тасжолда мәжбүрлі тоқтаған көлікті тиісті белгілермен белгілемеу өзге жүргізушілер үшін үлкен қауіп тудырады. Мұндай жағдайда апаттық жарық белгісін дереу қосып, жол қозғалысы қағидаларына сәйкес апаттық тоқтау белгісін орнату қажет.
Сонымен қатар жүргізушілер қауіпсіз арақашықтықты сақтап, алда қалыптасқан жол жағдайын үнемі бақылауда ұстауы тиіс.